Қайырымдылық жасау – сауапты іс. «Қайырымдылықтың ең үлкені – айтпай істеген жақсылық», «Қайырымдылықты неғұрлым жарияламай жасырын істесең, соғұрлым табысың еселенеді» деген екен.
Қазіргі таңда ауданда мүмкіндігі шектеулі балаларды жеке жаттықтыру құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында жеке кәсіпкер Әжмағанбетов Ахан Садықұлы қажетті бұйымдар (вертикализатор, имитрон, шагаход) жасауда.
Аталған бұйымдардың мүмкіндігі шектеулі балаларға келтіретін пайдасымен қоса қажеттілігі орасан зор.
Үстіміздегі жылдың 15 маусым күні ауданымызға жанашыр азаматтардың бірі онға тарта мүмкіндігі шектеулі балаларға жеке жаттықтыру құралы (вертикализатор) алып берді.
Алды он жылдан астам уақыт орындарынан бір рет көтеріліп тұру арман болған жандардың алғысын алып, жаттығу құралдары арқылы орындарынан тұрып, үміт оттары жанған мүмкіндігі шектеулі жандардың қуанышты көз жастарының шығуына себепші болған азаматтың атын атап, түсін түстеп жазбақшы болған едік.
Бірақ… Ол кісінің:
— Атам қазақ істеген жақсылығын, берген дүниесін бұлдап айтуды ұнатпаған. Оны елге жария етудің керегі шамалы. Үлкендер бізді солай тәрбиелейтін. «Берген нәрсеңді, істеген жақсылығыңды бетіне басып айтпа. «Мен мынаны істедім» деп жағдайы жоқ адамның алдында қайқайып тұрғаның күнә болады» дейтін.
Қайырымдылықтың қандайы болса да жақсы. Қайырымдылық жасағанда «оң қолыңмен бергенді сол қолың білмеу керек, сол қолыңмен берсең оң қолың білмеу керек» деп айтады.
Ал, егер сенің бергеніңді жұртқа жариялап теледидардан көрсетсе, ол қайырымдылық емес, жарнама.
Көпке үлгі болсын деген мақсатта көрсеткенін дұрыс дейтіндер бар шығар. Менің пікірім көпшілікке ұнамас, дегенмен көмек жасадың ба, Алланың ризалығы үшін жаса. Олай болмаса ол бақай есеп сияқты көрінеді,-деген жауабынан соң, аты жөнімен мүмкіндігі шектеулі жандардың суреттерін жариялауды жөн санамадық.
Тәуелсіз еліміздің көк байрағының, Отан деген ұлы шаңырағымыздың астында бірлікте тірлік қылып, ынтымақта ғұмыр кешейік.
Еліміздің ертеңі мен баянды болашағы үшін аянбай еңбек етіп, қайырымды істерге ұйытқы болушы азаматтарға нұр жаусын демекпіз.
Сарысу ауданы.