Жамбыл облысында «Архив- 2025» бағдарламасының аясында екі кітап жарық көрді

0 4

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында «Архив — 2025» бағдарламасындағы тапсырмаларды орындау мақсатында бүгін қос кітаптың тұсауы кесілді. «Ерлік ескірмейді» кітабы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты архив құжаттары негізінде жарық көрсе, «Қоныстанушылар» туындысында Жамбыл облысына жер аударылған поляктардың тағдыры жайлы жазылған, — деп хабарлайды  “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

Өткеннен сыр шертетін тарихи кітаптардың тұсау кесерінен бұрын қонақтарға, облыстық архивте сақтаулы тұрған құжаттардан сыр шертетін фото- құжаттар, жеке тектік құжаттар таныстырылды. Құнды құжаттардан бөлек 1939 жылдан бергі өңірді басқарған басшылардың суреттері қойылған көрмемен танысқан облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев жаңа кітаптың тұсауын кесті.
-Адамзат тарихындағы миллиондаған жанның өмірін қиған соғыстың қасіреті ешқашан ұмытылмайды. Сұрапыл жылдардың тарихы әлі де жазылып толығу үстінде,-деді облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев.

Әділбек Баққараұлы жазған «Ерлік ескірмейді» кітабында Кеңес Одағы Батыры атағына ұсынылған, бірақ белгісіз себептермен басқа марапат түрлерін алған біздің өңірдің 8 майдангері туралы тың деректер бар.
-Бағдарлама аясында жарық көрген қос кітаптың да ерекше маңызы бар. Өйткені сұрапыл соғыс жылдарының тарихы әлі де толық зерттеліп біткен жоқ. Бірінші кітаптың өзінде тың мәліметтер енгізілді. Қос кітаптың ұрпақ тәрбиесінде алар орны ерек. Өткенімізді ұлықтап, болашағымызды бағдарлаймыз десек тарихымызды ұмытпауымыз қажет,-дейді облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева.

Ал, «Қоныстанушылар» шығармасында соғыс жылдары Жамбыл жерінде құрылған Поляк Патриоттар Одағы, балалар үйі мен интернаттардағы поляк балаларының аты-жөні мен ата-анасы жайлы мәліметтер топтастырылған. Кітаптың авторы –Нұрхат Серікбаев. Жинақта Украина мен Беларуссияның бастыс облыстарынан 1941-1945 жылдары Жамбыл облысына көшірілген поляк ұлтының азаматтары туралы архив құжаттары негізінде деректер бар.

Leave A Reply

Your email address will not be published.