Жамбыл облысында мониторингтік топ карантин режимін бұзу фактілерін анықтады, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.
Карантин жағдайында қызметін жүзеге асыратын объектілердің жұмысын бақылау үшін Жамбыл облысы аумағында облыс орталығы мен аудандарда мониторингтік топтар құрылған болатын.
Қазақстан Республикасының және Жамбыл облысының Бас Мемлекеттік санитарлық дәрігерлерінің Қаулылары талаптарының сақталуына күнделікті тексеру жүргізіледі.
Мониторинг топтарының құрамына Жамбыл облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің және аумақтық басқармаларының мамандары, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың, полиция қызметінің және БАҚ өкілдері тартылды.
Есепті кезеңде, облыс бойынша 4436 нысан тексерілді, оның ішінде: Тараз қаласында – 864, облыстың 10 ауданында – 3572.
Объектілердің барлық басшыларына Қазақстан Республикасы мен Жамбыл облысының Бас Мемлекеттік санитарлық дәрігерлерінің Қаулылары табыс етілді.
Карантин кезеңінде, қызмет талаптарын сақтамағаны үшін санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылық мәселелері бойынша мониторинг тобының мүшелері ҚР ӘҚБК 462-бабының 3-бөлігі бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы 79 хаттама және ҚР ӘҚБК 425-бабының 1-бөлігі бойынша 3 хаттама жасады. 71 материал соттың қарауына берілді (Тараз қаласы – 26, Талас ауданы – 5, Қордай ауданы – 5, Шу ауданы – 6, Сарысу ауданы – 6, Жамбыл ауданы – 9, Меркі ауданы — 4, Т. Рысқұловатындағы ауданы – 3, Байзақ — 2, Жуалы — 4).
Тараз қаласы және аудандық Т. Рысқұлов атындағы ауданы соттарымен 1583460 теңге көлемінде 6 айыппұл салынды.
Instagram әлеуметтік желісінде жарияланған шағымға сәйкес, Тараз қаласы аумағында орналасқан медициналық орталықтың қызметіне (өкпенің рентген және КТ өткізу кезінде, әлеуметтік қашықтықты сақтамау бойынша) мониторинг тобы осы объектіге тексеру жүргізді.
Тексеру барысында қабылдау тек алдын ала жазылу арқылы жүзеге асырылатыны, күніне 50-60 адамға қызмет көрсетілетіні анықталды. Әлеуметтік қашықтық пен кезектің сақталуы туралы ескерту орналастырылған.
Мониторинг тобының мамандары медициналық орталықта эпидемияға қарсы іс-шараларды сақтау қажеттігі, алдын-ала жазылу және әлеуметтік қашықтықты сақтау бойынша жұмыстар туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.