Тараздағы ЖД-158/7 мекемесінде жазасын өтеушілер медицина қызметкерлері мен дәрігерлерге алғыс білдірді, – деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.
Олардың айтуынша, Гиппократ антына берік, ісіне адал азаматтар өз жұмысына жауапкершілік танытып, қандай құрметке болса да лайық.Аталмыш түзеу мекемесіндегі медициналық-санитарлық бөлімінде 14 адам толық штаттық негізде жұмыс істесе, оның екеуі шенді офицер, қалғаны ерікті жалдамалы қызметкерлер. Одан бөлек жартылай жұмыс күнінде емдом көрсететін білікті дәрігерлер де бар. Бөлім бастығы әділет майоры – Бегжан Асановтың кәсібилігінің арқасында ұжымның ауызбіршілігі артып отыр.
«Тар қапас, темір тор, биік қоршау талай жанның денсаулығына кінәрат салмай қоймас. Дейтұрғанмен әр азамат ісі үшін жауапты. Абақтыға жақсы ісі үшін арбалмасы анық. Бірі балалыққа бой алдырса,оңай олжа ойлағандар, енді бірі ақылын ашуға алмастырып, қанды қол қылмыскер атанған. Салдарынан қолымен жасағанын, мойнымен көтеріп отыр. Бұл дегеніміз мұндағы жағдайдың нашар деуі емес, керісінше жатар орын таза, киім жеткілікті, ішіп-жеріміз өте жақсы. Тіптен мұндай құнарлы асты бостандықта бәрі бірдей азық қылып отыр деуге болмас. Соған қарамастан түрменің аты түрме. Бастысы бостандық жоқ. Қас қағым сәтте жасалған қылмыс өмір бойы өкінішке айналады. Уайым түбі теңіз, батасың да кетесің. Психологиялық жағдайы әлсіз, ішқұса адам ауру болмағанда қайтсын. Одан бөлек туа біткен, өмірдің әртүрлі соқпағында сүрініп, айықпас дертке шалдыққандар да бар. Мәселен, Менен Алексей Куделькин обыр ауруы анықталды.
ЖД-158/7 мекемесінің медицина қызметкерлері менің дертіме немқұрайлық білдірмеді. Өз мамандығын мінсіз атқарып қана қоймай, адамгершілік танытты. Дер кезінде анықталған ауыр науқас түріне ота жасалып, құлан таза айықтым. Қазір жағдайым жақсы әрі қалыпты. Сондықтан өзімнің және отбасымның атынан зор алғыс білдіргім келеді» десті.
Алексей сынды мұнда обыр ауруына шалдыққан 4 науқас бар. Барлығы дерлік уақтылы химиялық және сәулелі емдом қабылдап отырады. Мұнан өзге, медициналық-санитарлық бөлімше қарауында 33 мүмкіндігі шектеулі сотталған бар. Жыл сайын тексерістен өтіп, мүгедектік тобы анықталып отырады. Атаулы түзеу орнында бір емес бірнеше рет темір торға тоғытылғандар бар. Олардың дені әртүрлі күрделі науқас түрлерімен ауырады. Мысалы ВИЧ инфекциясы, «С және В» созылмалы гепатит, қант диабеті, жүрек-қантамыр, эндокриндік, өкпе-тыныс аурулары, зәр шығару жолдарының қабынуы сынды. Олардың барлығы да есепке алынып, үнемі бақылауда ұстап отырамыз. Тиісті арнаулы медициналық мекемелермен бірлесіп емдік шараларын көрсетеміз.
Созылмалы бүйрек жетіспеушілігімен ауыратын науқас сотталғандар аптасына 2-3 рет «Гемодиализ» процедурасын қабылдап отырады. Қант диабеті мен ВИЧ инфекциясын жұқтырғандарға тегін жүйелі түрде инсулин және АРВ препараттары таратылып отырады. 2020 жыл басынан бері Б.Салиевке артроскопиялық минискілердің кірес тәрізді байламдарына ота жасалды. Сотталған Қоянбаевқа көз катарактісіне хирургиялық ота жасалды. В.Комурге тірек сүйектеріне қойылған имлпанттары алынды. Барлық ота сәтті өтіп, емделушілер толықтай айығып келеді. Бөлімшенің қатаң бақылауда ұстайды.
Қазіргі таңда барша адам жанының арашасы атанған ақ халаттылар әлемдік пандемияға қарсы күрес жұмыстарына жұмылдырылған. Арнайы іс-қимыл жоспары бекітіліп соған сай әрекет етуде. Түзеу орнында санитарлық-дезинфекциялық режимнің қатаң ұстануын қадағалауда. Жалпы бұл тек жыл басынан бері атқарылған жұмыстар. Бұған дейін де тілге тиек етер тындырымды тірліктер жетерлік. Жыл санап медицина бөлімшесінің материалдық базасы да жақсарып келеді. Заманауи құрылғылар алынып, сапалы әрі жылдам қызмет алуға мүмкіндік туды.