Жамбыл облысында қант қызылшасының алқабы ұлғайып келеді

0 1

Облыс бойынша биыл 4394 гектар жерге қант қызылшасы егілген. Меркі және Байзақ ауданының дала еңбеккерлері балтамырды баптауға баса мән беруде. Меркіліктер 1751 гектар, ал байзақтықтар 1321 гектар жерді игерсе, енді Тұрар Рысқұлов ауданының дала еңбеккерлері қант қызылшасын өркендетуге өз үлестерін қосып жатыр, — деп жазады “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

Қант қызылшасын алғаш қолға алған шаруашылықтар да аз емес. Соның бірі Т.Рысқұлов ауданы Қарақыстақ елді мекеніне қарасты “Ауыл патриот” шаруа қожалығы. Туған жерді түлетуге атсалысып жатқан жастар биыл 20 гектар жерді игеруде. Ағын суды көп қажет ететін балтамырды баптауға арнайы адамдар бекітіліп, еселі еңбек етуде.

Ал, қант қызылшасынан мол өнім алу үшін ең бірінші тұқымы сапалы болу керек. Бұдан кейін минералды тыңайтқыштыңда алар орны ерекше. Ал, бұған өкіметтің жеңілдетілген көмектері бар. Сонымен қатар, өнім өткізгені үшін субсидия төленеді.

— Ауыл шаруашылығымен айналысуға бет бұрдым. Қазіргі таңда болашақтың барлығы осы ауыл шаруашылығында. Менің ойымша қазір қаладағылардың көбісі ауылға бас бұрады және жермен айналысады, — дейді шаруашылық жетекшісі Тимур Сегізбаев.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы техникаларыда жеткілікті. Шаруашылық 2018 жылы жаңа МТЗ тракторымен қоса, қажетті құрал саймандарды сатып алған. Бұған қоса, көкөніс егугеде ден қойған. Көктемде отырғызылған қияр мен қызанақтар қазірдің өзінде жайқалып өсіп тұр. Сонымен қатар, картоптың шығымы жақсы. Негізінен мал және егін шаруашылығымен айналысатын қарақыстақтықтар биыл егістік алқабында арттыра түскен. Оған әрине өкіметтің көмегі де көп болып отыр дейді ауыл әкімі.

— Қарақыстақ ауылдық округына қарасты жалпы ауыл шаруашығы жерлері 41 мың гектарды құрайды. Оның 30 мың гектары жайылымдық жер болса, 11 мың гектары егістік жер. Бүгінгі күні сол жердің 2,5 мың гектар жеріне күздік бидай, 5 мың гектарға арпа, қалғанына әртүрлі көкөніс, қияр, қызанақ егілген және осы жерде 20 гектар қант қызылшасын баптап жатыр, — дейді ауылдық округтің әкімі Оразалы Танкеев.

Тәтті түбірді өсіру шаруалар үшін өте тиімді. Оған берілетін өкіметтік қаржы да қомақты. Тек қант қызылшасы заводы өтемақыны кешіктіруі алқапты арттыруға қолбайлау болып отыр. Облыс әкімінің басты назарындағы бұл мәселе биыл өз шешімін тауып жатса, отандық өнімніңде өрісі кеңейе түсуі анық.

Leave A Reply

Your email address will not be published.