Жамбыл облысында өткен жылы қолға алынған «Тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру» жобасы өз тиімділігін көрсете бастады. Жеңілдетілген несиенің арқасында аймақтағы 11 ауылдың тұрғындары қораларын төрт түлікке толтырып, егін шаруашылығымен қоса бақша дақылдарын еге бастады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» ақпараттық агенттігі.
Мәселен жері құмдауыт, тастақ болатын Талас ауданында аталған жобаға Үшарал ауылдық округі таңдап алынып, барлық бес бағыт бойынша жұмыстар атқарылған болатын. Енді, Таластықтар бұл жұмысты Ойық ауылында жүзеге асыруды көздеп отыр. Себебі, Ойық ауылының пилоттық жобаны жүзеге асыруға мүмкіндігі мол.
Ойық ауылы бұрыннан мал шаруашылығы дамыған елді мекен болатын. Ал, соңғы жылдары мұнда жұрт көкеніс, бау-бақша дақылдарын егуді қолға алды. Тіпті, үй маңындағы бос жатқан жерлерді тиімді пайдалана бастады. Мәселен: ауыл тұрғыны Ұлбике Садақбаев өз ауласына қияр, қызанақ пен өзге де дақылдарды еккен. Көкөністі сатып алмаймыз, есесіне артылғанын сатамыз дейді ол.
-Ауылымыздың аталған жобаға енгеніне өте қуаныштымын. Соның арқасында несие де алдым. Нәтижесі айтарлықтай, бұрын бос жатқан жерлеріміз айналымға қосылып бақша өнімдерін ектік. Артығын сатып та жатырмыз. Сұраныс та бар,-дейді Ойық аулының тұрғыны Ұлбике Садақбаева.
Дәл осы Ойық ауылы енді Талас ауданы бойынша екінші пилоттық елді мекен болып алынады. Өйткені, мұнда мүмкіндік мол. Ағын судан проблема болмас үшін жуырда механикалық жасақ көмегімен ауылға келетін барлық каналдар тазартылды. Мал шаруашылығы саласы да дамып келеді. Жайылым мен шабындық жерлердің мәселесі де оңтайлы шешіліп отыр.
Ойық ауылында пилоттық жобадан бөлек, мемлекеттен тегін грант алып, кәсіпкерлік саласын дамытып отырған жандар көп. Мәселен: солардың бірі өз үйінен шағын тігін цехын ашқан Назира Ауғанбаева. Ол бүгінде 3- адамды жұмыспен қамтып, перделер мен жастықтар, карантинге байланысты аудан тұрғындарына маскалер тігуде.
Бір сөзбен айтқанда Талас ауданында ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік бағдарламалар сәтті жүзеге асуда. Ал, осы жұмыстардың арқасында жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың әл ауқатының жақсаруына жол ашылады.