Биылғы жыл Бурыл ауылдық округі үшін табысты жыл болды десек артық айтқанымыз емес. Жыл санап халық саны артып келе жатқан ауылдық округте шешімін күткен мәселелер ретімен шешілуде. Солардың айқын дәлелі — Тәуелсіздік күні мерекесіне орай, Бурыл ауылында ашылған дене шынықтыру және сауықтыру кешені мен 180 орындық мәдениет үйі, — деп жазады “ZhambylNews” AA.
Ел игілігіне ұсынылған жаңа дене шынықтыру және сауықтыру кешені құрылысын мердігер «Тараз құрылыс Дизайн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген болатын.
Жалпы сомасы 349 миллион 912 мың теңгені құраған құрылысқа аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі тапсырыс берген. Аумағы 0,5 гектарды алып жатқан аумаққа мердігер нысанды 15,5х24,0 өлшемде үстіміздегі жылдың мамыр айында бастап, жеті ай мерзім ішінде пайдалануға беріп отыр. Ауданы 12323,2 шаршы метрді құрайтын спорт кешенінде футбол, волейбол, баскетбол, самбо, бокс, таэквондо және дзюдо сияқты бірнеше спорт секциялары жұмыс істейтін болады.
Мұнда түрлі спорттық іс-шаралар, аудандық және облыстық деңгейдегі жарыстар, сондай-ақ оқу-жаттығу жиындары өткізілмек. Кешен үлкен арена, әмбебап зал, бокс және күрес залдары және 4 киім ауыстыратын бөлмелермен қамтылған. Барлық спорт залдары керекті құрал-жабдықтармен, оның ішінде бокс рингімен, күрес матрастары және төсеніштерімен, груша және басқа да тренажерлармен жабдықталған.
Сонымен қатар, мұнда алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған дәрі-дәрмектермен қамтылған медициналық кабинет те қарастырылған. Мұнда жергілікті балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің қатысушылары жаттықтырушылармен бірге шынығатын болады.
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Талғат Мамаев пен аудан әкімі Нұржан Нұржігітов бурылдық тұрғындарды қос қуанышымен арнайы құттықтап келді.
— Өздеріңіз білесіздер, Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев еліміз тұрғындарының отыз пайызы бұқаралық спорт түрлерімен айналысу керектігін айтқаны белгілі. Өйткені, жас ұрпақтың терең білімі мен денсаулығының мықты болуы арқасында біздің болашақ жарқын болады. Біздің өңірде елімізге танымал небір айтулы спортшылар шыққаны анық. Болашақта осы ауылдан ел намысын асқақтататын айтулы спортшылар шығады деген сенімдемін. Баршаңызды алдағы келе жатқан Тәуелсіздік күні мерекесімен және бүгінгі қуаныштарыңызбен құттықтаймын, — деді облыс әкімінің орынбасары Талғат Мамаев.