Қауіпті індеттің әлі де сейілмей тұруына байланысты қазір аудандардағы мониторингтік топтардың жұмысы қайта күшейтіле бастады. Өйткені, еліміздің кейбір өңірлері қатаң карантиндік талаптарға көшті. Мойынқұм ауданында осы бағытта бірнеше мобильді топтар жұмыс істеуде. Олар күн сайын нысандарды аралап, сақтық шараларын орындамағандарды анықтап жатыр, — деп жазады «ZhambylNews» ақпарат агенттігі.
Жамбыл облысы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері қаулысының орындалуына байланысты Мойынқұм ауданы әкімдігі жанынан құрылған мониторинг топ мүшелері Ұланбел, Қарабөгет, Қылышбай ауылдық округтерінде болып, ондағы нысандарға тексеру жүргізді.
Нәтижесінде, аталған ауылдардағы бірқатар нысандардан кемшіліктер анықталып 6 хаттама толтырылды. Сонымен қатар, мониторинг топ мүшелері Кеңес, Бірлік, Қызылтал ауылдық округтерінде де болып, ондағы нысандармен танысты. Бақылау барысында санитарлық талаптардың сақталмағаны анықталып, 1 нысанға хаттама толтырылды.
Жалпы аудан бойынша мониторинг тобымен 34 нысанға хаттама толтырылып, 1 416 780 теңгеге айыппұл салынып, өндірілген. Алдағы уақытта аудан бойынша жұмыс істеп тұрған орындарға карантиндік іс-шараларының сақталуына тексеру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілетін болады.