Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында Мойынқұм ауданында жасалып жатқан игі бастамалар мен атқарылған жұмыстар аз емес. Мақсат, халықтың әл ауқатын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашу. Мәселен, қазір өңірде кәсіпке ден қойған жастардың қатары едәуір артыпты, — деп жазады «ZhambylNews» АА.
Мемлекет тарапынан берілген қайтарымсыз гранттың мойынқұмдық жастарға үлкен көмегі тиді. Осының арқасында ауданда биылғы жылдың 6- айының өзінде 111 азамат өз кәсібін бастаған.
Орынбасар Сыздықов екінің бірі жүргізе бермейтін балапан шығарумен айналысады. Ол 505 мың грантқа инкубатор қондырғысын сатып алған. Ауыл тұрғыны келер жылы кәсібін бұдан да ұлғайтуды көздеп отыр.
Жалпы, Мойынқұмда жұмыспен қамту жол картасы арқылы өткен жылы 142 азамат грант алса, биыл ол екі есеге көбейеді. Жастарға берілген мүмкіндік- ел ертеңі үшін керек дейді сала мамандары.