Жамбыл облысы Меркі ауданында мұз айдыны ашылды. Көлемі 15/30 метрді құрайтын нысанның ашылу рәсіміне аудан әкімі Мейірхан Өмірбек пен ауыл қариялары қатысып, ізгі тілектерін білдірді, — деп жазады “ZhambylNews” AA.
Жеке кәсіпкер Ержан Қырғабақов бұдан екі жыл бұрын «Нұрдаулет» отбасылық шомылу аймағын ашып, тұрғындардың алғысына бөленген еді. Енді міне мемлекеттік қолдаудың арқасында құны 10,5 млн. теңге болатын мұз айдынын салып, пайдалануға берді:
— Жамбыл облысы бойынша аудандарда жоқ кәсіпті ашып отырмыз! Қазір мұз айдыны кішірек болып тұр. Алдағы уақытта бұны кеңейту де жоспарда бар, — дейді кәсіпкер.
Мұз айдыны ауданда жастар арасындағы спорт пен ішкі туризмді дамытуға жол ашады.
Ауданда 2020-2025 жылдар аралығында жалпы соммасы 15 млрд. 886,5 млн. теңгегені құрайтын 12 инвестициялық жоба іске асырылады. Нәтижесінде, 180 жаңа жұмыс орындары ашылатын болады.