Ақшолақ ауылына газ келеді

0 28

Өткен жылға басымдық берілген төрт бағыттың бірі – қолайлы орта қалыптастыруға арналғаны белгілі. Осы бағыттың аясында 2019 жылы 24 елді мекен газдандырылған болса, былтыр Байзақ ауданы бойынша олардың саны 41-ге жетті. Биылғы жылы табиғи газ кіретін елдімекеннің бірі Ақшолақ ауылы. Көкбастау ауылында жаңадан пайдалануға берілген мәдениет үйінде жаңатұрмыстық тұрғындармен өткен кездесуде аудан әкімі осылай деді, — деп жазады “ZhambylNews” AA.

Аталмыш жиында Жаңатұрмыс ауылдық округінің әкімі Асқар Прманов пен аудан басшысы Нұржан Нұржігітовтың есепті баяндамалары тыңдалды.

Баяндамашылардан кейін «Қазсушар» РМКА Жамбыл филиалы Байзақ өндірістік бөлімшесінің басшысы Қасымбек Жүзбаевтың ағын суға байланысты хабарламасы тыңдалды.

— Бірінші сәуірге дейін шаруа қожалықтар «Қазсушар» мекемесімен келісім шартқа отырулары керек. Содан кейін аталмыш мекеме биылға қай жерге қанша су жеткізе алатынын нақты айтатын болады. Сіздер соған байланысты биылға жерге орналастыратын дақылдарды реттестірулеріңіз қажет. Оған басты себеп су қоймасындағы су қорының отыз пайызға аз жиналуынан туындап отыр. Баяндамада айтылғандай Жаңатұрмыста қандай жұмыстар жүргізіліп, каналдар жөнделгенін көрдіңіздер, — деп қосымша түсіндіріп өтті аудан әкімі.

Шаруа қожалығының жетекшісі Сасайбек Жанысбаевтың «Сәмбет» каналына қатысты қойған сауалына Қасымбек Жүзбаев «Сәмбет» пен «Байзақ» каналдары бетонмен қапталатынын жеткізді.

Ауыл тұрғыны 1959 жылы іргетасы қаланып, 1967 жылы пайдалануға берілген ауыл мектебін күрделі жөндеуден өткізу, спорт залы мен асханасы туралы, Тегістік ауылында спорт алаңшасы қарастырылмағанын айтты.

— Амангелді орта мектебіне биыл күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Сіз айтқандай, қараусыз қалып кетті деуге болмайды. Өйткені, ол мектепте шатыры, терезелері ауыстырылған. Сондықтан, қалған жұмыстары күрделі жөндеуден өтетін болады. Оған тиісті қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері өтуде. Мердігер анықталған соң жұмыс істейміз. Ал, қазандық мәселесін балабақшамен бірге жылыту жүйесіне қосу жоспарда бар. Енді, Тегістік ауылындағы спорт алаңшасына келер болсақ, аудандағы 43 елді мекеннің 18-інде спорт алаңшасы бар. Оның үшеуі Жаңатұрмыс, Көкбастау, Ақшолақ ауылына былтыр соғылды. Біздің жоспарымыз алдағы уақытта қалған елді мекендерде осындай спорт алаңшаларын салу. Оған екі-үш жыл уақыт керек, кезең-кезеңімен шешіледі, — деді аудан әкімі.

Жібек жолы ауылы ақсақалдар алқасының төрағасы Бейсен Жүзгенбаев көкпардан аудандық деңгейде жарыс өткізу сынды ұсынысына аудан басшысы карантин талаптарына байланысты орын алғанын айтты. Ал, жайылым жер жөніндегі өтінішке Нұржан Нұржігітов босаған жайылым жерлер мемлекет меншігіне кері қайтарылып, ауылдық округ әкімшіліктеріне қоғамдық пада үшін теңгерімге беріліп жатқанын, үлкен шаруа қожалықтардың мәдени жайылымға көшу қажеттілігін, гидропоника әдісін меңгеру де бүгінгі күн талабынан туындап отырғанын атап өтті.

Халықтың берген сұрақтарына байланысты аудан әкімі ретімен нақты жауаптар қайтарып, кейбір ұсыныстарға байланысты хаттамалық тапсырмалар берді.

Кездесу барысында оған қатысушылар тарапынан көтерілген мәселелердің шешімін табатындығына сенім білдірген тұрғындар есепті жиындағы баяндамашыларға «қанағаттанарлық» деп бағасын берді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.