2020 жылы Тұрар Рысқұлов ауданы үшін табысты болды. Әлеуметтің әлеуеті артып, ауылшаруашылығы мен өндіріс саласында өркендеу байқалды. Атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттерді бүгін өткен есеп беру жиынында аудан әкімі Ерболат Садырқұлов баяндады, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібі қатар дамыған ауданда атқарылған ауқымды жұмыстар аз емес. 2020 жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 16,2 млрд. теңгеге орындалып, нақты көлем индексі 101,1 пайызды құрады.
— Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 6,7 млрд. теңгеге артық. Аталған салада жалпы өндірілген өнім көлемі 39,9 млрд.теңгені құрап, 2019 жылмен салыстырғанда 6,4 млрд.теңгеге еселенді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 16,9 млрд. теңгеге орындалып, нақты көлем индексі 100,5 пайызды құрады, — деді аудан басшысы.
Жалпы аталған ауданда ауылшаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Қазір 146 148 гектар егістік жер толық игерілген. 53 664 гектарына күздік бидай, 58 133 гектарына жаздық арпа себілген.
Мал шаруашылығында да алға ілгерілеушілік бар. Аудан көлемінде 2 650 бас мүйізді ірі қараға арналған -12, 780 бас жылқыға арналған -5, 3600 бас ұсақ малды семірртуге арналған- 4, 30 000 бас шошқаға арналған бордақылау алаңдары жұмыс істейді. Мал өнімдерін өндіруде 102,8 пайыздан 107,7 пайызға дейін өсім болды. Егін шаруашылығынан өзге, мал азығына қажет көпжылдық шөп егу де дұрыс жолға қойылған.
Ата кәсіптен қол үзбеген ауданда мал өсіру және оны асылдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Мәселен, «Дәулетбай» шаруа қожалығы 1000 бас мүйізді ірі қара малын бордақылау, мал сою, сақтап, тоңазыту, мал терісін дайындау кешені құрылысын аяқтады. Сондай-ақ «Шалқар» шаруа қожалығы 1500 басқа, «АлРай» шаруа қожалығы 1000 басқа арналған мүйізді ірі қара мал бордақылау кешендерін, сонымен қатар Құмарық ауылында «Жастар болашағы» шаруа қожалығы 100 басқа арналған сауын сиыр фермасын биыл іске қосқалы отыр.
Еліміздегі жұмыссыздықты жою мақсатында жүзеге асырылып жатқан бағдарламаның шарапатын аудан халқы көруде. «Бастау бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқуға 239 азамат жіберіліп, оның 239-ы оқуын аяқтап, 235 азамат сертификат алды. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке жалпы 543 млн теңге қаражат. Жан басына шаққандағы табыстары күнкөріс деңгейінің кедейшілік шегіне жетпейтін 1538 отбасының 8679 адамына 543,0 млн. теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, толық көлемде төленді. Кепілдендірілген әлеуметтік топтамаға барлығы 88,0 млн. теңге бөлінді. Бұл көмек атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларына берілді. Аудандағы 7273 отбасының 22 200 адамына 154,2 млн. теңгеге қайырымдылық көмектер көрсетілді. Жыл басынан жұмыс іздеуші 3 784 азамат қайырылып, 3 850 азамат жұмысқа орналасты. Аудан бойынша 1458 жаңа жұмыс орындары ашылды. 292 азамат шағын несие алды.
Сонымен қатар 502 азаматқа мемлекеттік грант берілді. Жалпы жұмыссыздар саны 916 адам, оның ішінде ресми жұмыссыздар 397, жұмыссыздық деңгейі 2,7 пайызды құрайды. Нысаналы топқа жататын (аз қамтылған, көп балалы, толық емес отбасылар) азаматтардың қайырылғаны 806, оның ішінде жұмысқа жіберілгені 715, жұмысқа орналасу пайызы 88,7 пайыз. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ішінен 146 азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді оқумен қамтамасыз ету» І-бағыты бойынша кәсіби даярлауға жоспардағы 50 адам жолданып, облыстық бюджеттен бөлінген 9,2 млн.теңге қаражат толық игерілді. 50 азамат 4 мамандық (швея, повар, жүргізуші, эксковаторщик) бойынша оқуға жолданып, оқуын аяқтады. Барлығы да тұрақты жұмысқа орналасты.
Бағдарламаның «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» ІІ-бағыты бойынша 292 азамат 1 млрд. 045 млн.теңге несие алды. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 502 азамат 271,0 млн. теңге қайтарымсыз грант алды. Бағдарламаның «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» ІІІ-бағыты бойынша Жастар практикасына 110 жас түлек, ақылы қоғамдық жұмысқа 1424 азамат, әлеуметтік жұмыс орындарына 83 азамат жұмысқа жіберілді.
Сондай-ақ есепті жиында аудан әкімі білім, денсаулық, мәдениет және спорт салаларында тындырылған істерді баяндап, әлеуметтік қолдау мен жұмыспен қамту, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жасалған жұмыстардан да хабардар етті.
Ауданның экономикалық өсімі мен халықтың әлеуметтік әлеуетінің жақсаруына бірден-бір ықпал етіп отырған – өнеркәсіп саласы. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 16,2 млрд. теңгеге орындалып, нақты көлем индексі 101,1 пайызды құрады. 2019 жылмен салыстырғанда 6,7 млрд. теңгеге артты (2019 жылы 9,5 млрд. теңге). Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 16,9 млрд. теңгеге (2019 жылы 16,4 млрд. теңге) орындалып, нақты көлем индексі 100,5 пайызды құрады.«GOLDEN COMPASS CAPITAL» алтын өндіру кәсіпорны 9,1 млрд.теңгеге 539 кг өнім өндірді. «Луговой Жылқы Зауыты» ЖШС «Мал азығына ұсақталған құрама жем дайындау» зауыты 756,5 млн.теңгеге 5691 тонна қоспа жем өндірді.
Аудан әкімінің есебінен байқағанымыз, тұрақты экономикалық ахуалды сақтау бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарылған.
Осы жыл еншісінде тұрған басты міндет – Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығын өз деңгейінде, карантиндік шараларды сақтай отырып атап өту. Аймақта биыл он елді мекенге газ кіргізу, «Арай» тұрғын үй алқабында құрылысы қызу жүріп жатқан тұрғын үйлерді мерзімінде аяқтау, өңірді абаттандыру, т.б. жұмыстарды жүзеге асыру мақсаты тұр.
Аудан әкімінің баяндамасы тыңдалғаннан кейін тұрғындар көкейде жүрген сауалдарын қойып, өтініш-тілектерін білдіріп, жылдық есепке бағаларын берді. Сұрақтың басым бөлігі әлеуметтік салаға қатысты болды. Өз кезегінде, аудан басшысы қойылған сұрақтарға жауап беріп, тұрғындар көтерген мәселелердің орындалуы, мемлекеттік, өңірлік бағдарламалардың сапалы, уақытылы жүзеге асырылуы қатаң бақылауда болатынын, шешімін таппаған мәселелер бюджетке байланысты кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.