Aвтожолдардың 60%-ын ауыр жүк көліктері бұзады

0 10

Жыл сайын жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары орташа жөндеуден өтеді. Алайда аyыр жүк көліктері, әсіресе қытайлық ауыр жүк көліктері жүргендіктен жол ақаулары пайда болады. Талдау көрсеткендей, 60% автожолдардың қирауы ауыр жүк көліктерінің көбеюіне байланысты. ӨКҚ алаңында осылай деген Ұлттық жол активтері сапасы орталығы Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Мырзахмет Ибрагимов жолдардың сапасы мен ақауы жайлы баяндады.

Спикердің айтуынша, Жамбыл облысының жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарында ауыр жүк көліктері көп қатынайды. Ал автомобиль жолдары 60-70 жылдары салынған. Сондықтан жол төсемінің құрылымы көліктің әр осьіне жүктеме салмағы 8 тоннаға ғана есептелген екен.

«2020 жылдың аяғына дейін біздің мамандар республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдарға 1038 рет шықты, 275 нысанға іс-сапар жасадық. Жұмыстың және материалдардың сапасын сараптадық. Ол үшін 1349 дана жол құрылыс материалдарын алып, сынама жасадық. 151 ескерту анықталды» деді, М. Ибрагимов.

Спикердің айтуынша жол сапасын анықтау жұмыстарына 135 млн теңге қаржы бөлінген. Ол толық 100 пайыз игерілген.

Биыл да республикалық маңызы бар жолдардың жұмысы мен материалдарының сапасы сарапталмақ. Ал сараптау үшін 65 млн 830 657 мың теңге жоспарланыпты. Сондай-ақ жергілікті атқару ұйымдарымен жұмыстың және материалдардың сапасын сараптау үшін қаржыландыру сомасы 118 500 000 тенгеге жоспарланып отыр. Оның ішінде облыстық маслихатпен 15 000 000 теңге, қала және аудан мәслихатымен 22 300 000 теңге, жеке кәсіпкерлермен 21 500 000 теңгеге жоспарланды, деді.

Айта кету керек, жол сапасына жіті тексеруші мекеме техникалық қадағалау қызметтеріне разы еместігін жеткізді. Сала мамандарының салғырттығы мезі еткен көрінеді. «Осы жерде ерекше атап өткім келеді. Техникалық қадағалау қызметінің жұмысы тым нашар. Жұмыстарын сылбыр орындайды. (Tехнадзоры) Тіпті олардың құрылыс кезінде бақылау жүргізетіндіктеріне күмәнiм бар. Құрылысқа сирек барады. Көптеген жұмыстарды техникалық қадағалау қызметі қабылдап жатады. Бұл тікелей жол сапасына кері әсерін тигізіп отыр. Сол себепті (ГАСК) МСҚБ-ға біз 7 шағым жібердік», деді спикер.

#ӨКҚ #PСК

Leave A Reply

Your email address will not be published.