Әдеп жөніндегі кеңеспен қатаң тәртіптік жауапкершілікке заңсыз тартылған мемлекеттік қызметшінің құқықтары қалпына келтірілді
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментімен жүйелі негізде облыстың мемлекеттік органдарының тәртіптік комиссияларының қызметіне талдау жүргізіледі.
Талдаумен Қаратау қаласы әкімі аппаратының бас маманы-бухгалтері Э.К. Танатованы мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жауапкершілікке заңсыз тарту фактісі анықталды.
Э.К. Танатованың Қаратау қаласында салынып, іс жүзінде аяқталмаған футбол алаңдарын қабылдауға және мердігерге ақша аударуға мүлдем қатысы болмағаны белгілі болды.
Бұдан бөлек, аталған тұлғаға қатысты жүргізілген қызметтік тергеп-тексеру, қолданыстағы заңнама талаптарын бұза отырып жүргізілген, сондай-ақ тәртіптік комиссия оның әрекеттеріне дұрыс құқықтық баға бермеген, яғни мемлекеттік қызметшінің кінәсі дәлелденбеген.
Өз кезегінде, Қаратау қаласы әкімінің орынбасары Е.Ж. Рсалиевке құрылыс объектісін қабылдауды жүзеге асырғанына және мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша төлем шоттарына қол қойғанына қарамастан, оған «қатаң сөгіс» түрінде неғұрлым жеңіл жаза қолданылған.
Бұл мәселе 2021 жылдың 27 қаңтарында Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында қаралды, оның нәтижелері бойынша Талас ауданының әкіміне Э.К.Танатоваға тәртіптік жаза қолдану туралы актінің күшін жою арқылы оның бұзылған құқықтарын қалпына келтіру, Е.Ж.Рсалиевтің қатаң тәртіптік жауапкершілігін заң талаптарына сәйкес қайта қарау, бірыңғай тәртіптік комиссияның төрағасы мен мүшелерінің, сондай-ақ қызметтік тергеп-тексеру жүргізген тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігін қарау ұсынылды.
2021 жылғы 25 ақпандағы Әдеп жөніндегі кеңес отырысында Талас ауданы әкімінің орынбасары Қ.М.Серімовтің Кеңес ұсынымдарының толық көлемде орындалуы туралы есебі тыңдалды.
Осылайша, Қаратау қаласы әкімінің 2020 жылғы 6 қарашадағы №182-ө «Э.К. Танатоваға тәртіптік жаза қолдану туралы» өкімінің күші теріс құқықтық салдарымен бірге жойылды. Мемлекеттік қызметшінің құқықтары қалпына келтірілді.
Қаратау қаласы әкімінің 2021 жылғы 16 ақпандағы №31-ө өкімімен Қаратау қаласы әкімінің орынбасары Е.Ж.Рсалиев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» ҚР Заңының 50-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін (шешімдерді дайындау мен қабылдау кезінде жеке және (немесе) заңды тұлғаларға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсетуі) «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Тәртіптік комиссияның құрамы (5 адам) және қызметтік тексеру жүргізген тұлғалар (әкімдіктің 3 қызметшісі) жоғарыда көрсетілген фактілер бойынша тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта өз жалғасын табатын болады.
Мемлекеттік қызметкерлердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесі жұмысының басым бағыты болып табылады.