Соңғы кездері облыстың ірі кәсіпорындарында еңбек даулары жиі байқалуда. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен облыс әкімдігінде өткен селекторлық аппарат отырысында даулы жағдайлар туралы жан-жақты талқыланды. Басқосу әкімдіктің ресми YouTube-арнасы арқылы таратылды.
24 ақпанда Мойынқұм ауданындағы «Жамбыл өндірістік цемент компаниясы» ЖШС жұмысшылары еңбек жағдайларын жақсартуды және жалақыны көтеруді талап еткен болатын. Сол секілді, Луговой жылқы зауытының қызметкерлері алдындағы берешегі 100 миллион теңгеге жеткен. Мемлекеттік органдардың араласуынан кейін ғана шиеленіс реттеле түскен. Қазіргі уақытта жылқы зауыты қарызының 85 миллион теңгесін төлеген. Қалған 15 миллионды кәсіпорын басшылығы жұмысшыларға жақын арада телеп беруге уәде етуде.
Аппараттық кеңесте аталған мәселелер бойынша қалыптасып отырған ахуалды облыстық еңбек инспекциясының басшысы Қайрат Досаев, Мойынқұм ауданы әкімінің міндетін атқарушы Амангелді Нәметқұлов, Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ерболат Садырқұлов баяндады.
Өңір басшысы олардың есептеріне көңілі көңшімейтінін білдірді.
— Неге аудандық әкімдіктер жағдайды бақылауда ұстап, алдын алу жұмыстарын жүргізбейді? Неліктен біз мәселе туындағаннан кейін ғана шұғыл шараларды қабылдай бастаймыз? Оған дейін қайда қаласыздар? Айталық, Мыңарал ауылының әкімі атқарылған жұмыстар туралы есеп бергенде бәрі жақсы, ешқандай мәселе жоқ екенін айтқан. Ал, шын мәнінде ол өтірік болып шықты. Мұндай жағдай тек Мойынқұм ауданында ғана емес. Басқа аудандарда да жұмыс көбіне құрғақ есеп үшін ғана жүргізілуде. Нәтижесінде шаруаға қадағалау органдарының араласуына тура келеді, — деп атап өтті облыс әкімі.
Сонымен қатар, кеңесте атап өтілгендей, облыстың кәсіпорындары мен ұйымдарының 92 пайызы ұжымдық шарттармен қамтылған. Меморандумның бекітілуімен барлық ахуал оңалып кетті деп айтуға тағы болмайды. Еңбек жанжалдарының алдын алу жөніндегі үшжақты комиссия тарапынан белсенді жұмыстар байқалмайды. Облыс әкімі комиссия кәсіподақтармен және кәсіпкерлермен бірлесе жұмыс жүргізуі керектігін алға тартты.
— Жергілікті мемлекеттік органдардың міндеті – еңбек ұжымдарының заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау, кәсіпорындар мен ұйымдарда олардың меншік нысанына қарамастан жалақының кешеуілдеу жағдайлары мен фактілерінің алдын алу болып табылады. Жауапты тұлғаларға бірінші тоқсанның соңына дейін ұжымдық шарттар мен меморандумдар жасасуды аяқтауды тапсырамын, — деді Бердібек Сапарбаев.
Сондай-ақ, басқосу барысында өрттердің және улы газбен улану жағдайларының алдын алу мәселелері де қаралды. Өкінішке орай, аймақтағы төтенше жағдайлардың осы санаты бойынша статистика көңіл көңшітпейді. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ермек Момбаевтың айтуынша, жылыту маусымы басталғаннан бері өңірде 284 өрт оқиғасы тіркеліп, 14 адам қаза тауып, екеуі жарақат алған. Үш адам улы газбен уланған десек, 30-дан астам зардап шегуші құтқарылған.
Облыс әкімі төтенше жағдайлар департаменті басшылығынан төтенше жағдайлар мен жазатайым оқиғаларға әкеп соқтыруы мүмкін бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыстарды күшейтуді талап етті. Бұл ретте тұрғындары қарапайым қауіпсіздік ережелеріне бей-жай қарайтын бұрынғы саяжай массивтері мен қаланың шет жақтарындағы аудандарға ерекше назар аудару қажеттігі айтылды.
— Біз көбірек брошюралар, парақшалар шығарып, оларды ауыл мен қала тұрғындарына таратып, профилактикалық түсіндірмелер жүргізу керек. Бұл туындаған жағдайлар кезінде ғана емес, тұрақты, жүйелі негізде орындалуы керек. Әзірге жұмыс ойдағыдай атқарылып отырған жоқ десек, осы ретте ТЖ департаментінің алдын алу шараларының тиімділігі туралы айтудың өзі артық. Улы және табиғи газдың иісін анықтайтын датчиктерді орнату бойынша жұмыс іс жүзінде жүргізілмеуде. Жоспарланған құрылғылар санының 10 пайызы ғана орнатылған, — деп түйіндеді аймақ басшысы.
Өрттердің алдын алу және улы газбен улану жағдайлары бойынша ағымдағы тоқсанның соңында облыс әкімдігінің кеңейтілген отырысында тағы да жан-жақты талқыланатын болады.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша облыс әкімі аппаратының басшысы Қанатбек Мәдібек сөз алды. Ол жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметтерді көрсету жайы туралы баяндады. Жалпы, өткен жылы 5,8 миллион мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 92 пайызы электрондық форматта жүзеге асқан.
Алайда, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасына қатысты шағымдар жоқ емес. Оларды ұсыну мерзімдерінің бұзылуы әлі де байқалуда, қажет емес құжаттарды сұратуға байланысты фактілер де кездеседі. Мұның бәрі азаматтардың шағымдары мен наразылығын тудырады.