Жамбыл облысында бірде-бір кәсіпкер, бірде-бір құрылыс компаниясы өз қаржысына үй салмаған. Өткен жылы бюджет есебінен 34,8 миллиард теңгені құратын 3 822 пәтерлі 66 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, 38-і пайдалануға берілген. Биыл аймақта 74 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүргізіп, жыл соңына дейін 3 590 пәтерлі 61 көпқабатты тұрғын үйді тапсыру жоспарлануда,-деп хабарлайды «Zhambylnews» АА.
Өткен жылы облысымызда пайдалануға берілген 618 мың шаршы метр тұрғын үйдің 155 мың шаршы метрін пәтерлер, 463 мың шаршы метрін жеке тұрғын үй құрылыстары құрайды. Ал биыл облысқа қойылған меже 638 мың шаршы метр. Дегенмен оны кем дегенде 721 мың шаршы метрге жеткізіп, жоспарды 116,6 пайызға орындау көзделген.
Бұл облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен әкімдік кеңесінде облыста қаржылық институттарды пайдалана отырып тұрғын үй саясатының жаңа тәсілдерін жүзеге асыру мәселелері қаралған жиында белгілі болды.
— Бүгінгі таңда облысымызда 30 505 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Жыл сайын кезек орта есеппен алғанда 2 700 адамға өссе, ағымдағы жылы алғашқы рет кезек өсімінен артық пәтер тапсырылу жоспарлануда (3 590 пәтер). Сондай-ақ облысымызда өзіңіздің бастамаңызбен асарлатып үй салу жобасы іске асырылуда. Өткен жылы асарлатып 99 тұрғын үй салынса, биыл 108 үйдің құрылысы жүргізілмек. Осыған орай, аудан әкімдеріне өткен жылы орын алған кемшіліктерді болдырмай, ұйымдастыру жұмыстарын ертерек қолға алуды тапсыруыңызды сұранамын, — деді құрылыс басқармасы басшысы Жайықбай Шалдаров.
Бердібек Машбекұлы өз кезегінде:
«Республикада тоғыз миллион шаршы метр тұрғын үй берілсе, оның 6,4 миллионын пәтер құрайды. Ол бізде неге аз?» деді Бердібек Машбекұлы. Басқарма басшысының «Жылдан жылға ол көбейіп келеді» деп сырғытпа жауабына қанағаттанбаған аймақ басшысы «Бүгінде кезекте тұрғандардың саны 30 505 адамға жетті. Олардың өзін пәтермен қамту үшін кемінде 15 жыл керек. Ал пәтер кезегіне жыл сайын екі жарым, үш мың адам қосылуда. Осы қарқынмен жүре беретін болсақ, түк бітірмейміз. Осы күнге дейін бізде бір кәсіпкер, бір құрылыс компаниясы өз ақшасына үй салған жоқ. Кезекті қарап отырсақ осындағы алып компаниялардың жұмысшылары да тұр сол тізімде. Сол үшін тұрғын үй салуға «Қазфосфат», «Еврохим» мен «Талас Инвест» ЖШС сияқты ірі компанияларды да тарту керек. Бұл жерде біздің мақсат шаршы метірде емес, кезекте тұрғандардың санын пәтер беріп кеміту», — деді.
Жалпы құрылы саласындағы сылбырлықты сын тезіне алған Бердібек Машбекұлы инфрақұрылымы жүргізіліп, пайдалануға берілген жер телімдеріне әлі күнге тұрғын үй салмай отырғандармен жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмай отырғанын да айтты. «Жер теліміне кезекте 124 мың адам тұр. Сол тізімге кім зерттеу жүргізді. Қазір мемлекет басшысы әрбір отбасыға бір-бір пәтер деген тапсырманы қойып отыр. Ал біздің басқарма тарапынан ешқандай бақылау жоқ. Бірінші жер телімін, екінші пәтер мәселесін шешу керек. Ол үшін жоғарыда айтқанымдай бюджет есебінен салынантын көпқабатты үйлерден бөлек, кәсіпкерлерді де тарту қажет» деп тиісті басқарма басшыларына жұмысты жүйелеуді тапсырды.