Компания өкілі Нұрбек Бекбаудың айтуынша, «Almaty CPS» ЖШС жиһаз фабрикасын салу үшін жерді толықтай заңды негізде жалға алған, ал «Рахат» базары иелерінің әкімдіктің қаулылары мен сот шешімдерінің күшін жою туралы талаптары базар сатушыларын арандату мен айла-шарғыдан басқа ештеңе емес.
Ал өз жұмыс орындарына алаңдайтын адамдарға келетін болсақ, «Almaty CPS» ЖШС әлеуметтік жауапты компания болып табылады деп айтқым келеді. Егер сұраныс болса, біз жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыссыз қалған адамдарды оқытуға және жұмысқа орналастыруға дайынбыз. Оған қоса біз Алматы сияқты әдемі қалада өркениетті еңбек жағдайлары болуы тиіс деп есептейміз және барлық әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларды қамтамасыз ете отырып, жобаға «Рахат» базарының кәсіпкерлері үшін жекелеген коммерциялық үй-жайларды қосатын өзгерістер енгізуге дайынбыз.
Алматыда базарларды жаңғырту бағдарламасы қабылданды. Бұл Елбасының тапсырмасы бойынша жасалды. Біз бұл жобаға шабыттана кірісіп, өз ұсыныстарымызды дайындадық. Біз өркениетті жұмыс орындарымен және ашық салықтармен өндіріс құрғымыз келеді. Өкінішке орай, екі жыл бойы қолымызда бекітілген жоба мен ақша бола тұра, біз мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырдық. Тіпті біздің эскизге де келісім берілмеді. Бұл шенеуніктер тарапынан жасалған кемшілік. Біз осы уақытқа дейін өндірісті іске қосып үлгерер едік. Адамдарда жұмыс болар еді және бюджетке салық төленер еді.
Айта кетсек, менің білуімше, «Рахат» компаниясында базарды жаңарту ниеті болған жоқ. Оларға сауда үшін қалыпты жағдай жасауға және қаржы ағындарының ашықтығын қамтамасыз етуге кім кедергі жасады? Оның орнына «Рахат» басшылығы қолдан қиындық тудыруда.
Жалпы, қала жерін пайдаланған 20 жыл ішінде бұл компания ештеңе істемеді. Адамдар қандай жағдайда жұмыс істеуге мәжбүр екенін қараңыздар. Базар деп айту да қиын. Тек контейнерлерді қойып, жал ақысын алып отыр. Толық антисанитария және қауіпсіздік нормаларын елемеу. Тым болмағанда дұрыс дәретханалар жоқ. Қыста қалай жылытылатыны түсініксіз, өрт қаупін тудырып, адамдардың өміріне қатер төндіруде. Бұл сатушылар мен сатып алушылардың тағдырын тәлкек ету. 21 ғасырда Алматы сияқты қалада осындайға жол беру дұрыс па?
Айтпақшы, базарға қатысты бұрынғы жалдау шарты 2018 жылы тоқтатылған. Алайда, базар басшылығы осы уақыт ішінде сатушылардан жалдау ақысын заңсыз жинауды жалғастыруда.
Арай Раисова