Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Нұралиев бастаған мобильді топ мүшелері аудандағы сақтық шараларын қадағалап, талапқа бағыну қажеттігін ескертіп рейд жұмыстарын жүргізуде, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Қауіпті індет жер бетінде пайда болғалы бері бүкіл әлем бұл қауіпті құбылыспен күресіп келеді. Барлығының көздегені бір мақсат, бір мүдде, бір міндет, ол – індетті жеңу.
Біздің өңірде жергілікті билік тарапынан тиісті шаралар қолға алынғаны белгілі. Бұл шаралар өз кезегінде нәтижесін беруде.
Жағдай бұрынғыдай емес, біршама түзелген. Аудан тұрғындары қазір сақтық шараларына бейжай қарамайды. Олар қоғамдық орындарда әлеуметтік арақашықтықты сақтап, бетпердемен жүр. Сауда орындарында да тәртіп орнаған, санитарлық талаптар сақталған.
Әрине, бәрінде болмаса да, басым көпшілінде сондай.
«Көш жүре түзеледі» десек, алдағы уақытта аудан азаматтары тарапынан карантин талаптары қатаң сақталатынына сенім бар.
Індетті тек сақтық шаралары арқылы ғана ауыздықтай алатынымызды ұмытпағанымыз жөн.
Мұндай шаралар Сарысу ауданында күнделікті жалғасын табуда.