Жамбыл ауданындағы рейд жұмыстары Шайқорық ауылында жалғасты

0 18

Короновирус індетінің таралуына жол бермеу мақсатында  жүргізіліп жатқан рейд жұмыстары Жамбыл ауданында да жалғасуда.  Апта ішінде  жұмыс тобы  Шайқорық ауылында болып,  сақтық шараларының барысын бақылады,-деп жазады «Zhambylnews» АА ауданның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қауіпті індет әлі де қатер төндіріп тұр. Оны жеңу үшін бүкіл әлем күш салып жатыр. Әзірге нәтижесі жаман емес. Сауыққандардың қатары күннен күнге көбейіп, науқастардың саны азаю үстінде. Дейтұрғанмен, індетті болдырмаудың бір жолы – шектеу шараларын қатаң сақтау. Санитарлық талаптарды орындап, тәртіпке бағыну маңызды. Бұл – баршаға ортақ міндет. Бір сәтке де еркінсуге болмайды. Салдары жаман екені айтпасақ та белгілі. Бүгінде ең маңызды әрі қажетті шара – халық денсаулығын сақтау. Мемлекет, Үкімет, жергілікті атқарушы билік тарапынан осы бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын бәріміз түсінуіміз қажет-ақ.

Елімізге індет келгелі бері аурудың алдын алу, оны болдырмау, жергілікті жұртшылықтың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау мақсатында аудан көлемінде талай тірлік тындырылды. Аудан әкімдігі жанынан екі мобильдік топ құрылып, ауылдық округтерге рейдтер ұйымдастырылды. Соның арқасында жағдай бақылауға алынып, біршама жақсарып, тұрақталып қалды. Бұл да болса тиімді жүргізілген жұмыстың нәтижесі. Десе де, аудан тұрғындары арасында эпидемиологиялық жағдайға немқұрайлы қарайтын жандар да бар. Қынжылтатыны да осы. Бұған біз мобильдік топтың кезекті рейдінде көз жеткіздік.

Апта аралығында аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетов бастаған жұмыс тобы Шайқорық ауылына барды. Ауылдағы азық-түлік дүкендеріне, денсаулық сақтау орталығына бас сұғып, әлеуметтік маңызы бар нысандарда сақтық шаралары қаншалықты орындалып жатқанын бақылап қайтты.

Жалпы санитарлық жағдай қалыпты. Бірақ, кемшіліктер де жоқ емес. Мәселен, рейд барысында «Шайқорық отбасылық денсаулық сақтау орталығында», «Орақбай» азық-түлік дүкенінде маскалық тәртіп сақталмағаны анықталды. Кіреберісте «маскасыз кіруге болмайды» деген жазу тұрғанымен, оған мән беріп, назар аударып жатқан қызметкерлерді де, сатушыларды да, келушілерді де байқамадық. Бұл бойынша жауапты тұлғаларға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тиісті талаптар тексеріс келген кезде ғана емес, әрдайым сақталуы керектігі нақты айтылды. Белгіленген тәртіп пен талаптарға бейжай қарап, кемшілікке жол берген азаматтарға хаттама толтырылды.

Ақжігіт Жетпісбай,

Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.