«Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» дегендей еліміздің көркеюіне үлес қосып, еңбек етіп жүрген нәзікжанды әпке-қарындастарымыз бар. Сарысу ауданында кәсіпкерлік саланың дамуына өзіндік үлес қосып жүрген жаңатастық кәсіпкер Сандуғаш Үсіпбекованың «Берекелді» наубайханасында нанның 10 шақты және тәтті тоқаш өнімдерінің 15 түрі пісіріледі, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Ең алғаш еңбек жолын «Шах» дүкенінде нан пісіруші болып бастаған ол, нан түрлерін пісіруді сол жерден үйренгенін айтты.
— Нан түрлерін пісіріп үйренгеннен кейін неге өзім наубайхана ашпасқа?-деген ой келді. Сөйтіп бір сәтте көк базардың қасынан наубайхана аштым. Әкем Батихан Үсіпбековтің көмегі көп болды. Жеке қаражат жинап, наубайханаға қажетті пештер, нан илейтін құрылғылар мен тағы басқа жабдық сатып алдым. Шымкент, Тараз қалаларынан да тапсырыс берушілер бар. Карантин кезінде көп қиыншылықтар туындады. Алайда оған мойымай жұмыс жасап келе жатырмыз. Қазіргі таңда бір адамды жұмыспен қамтып отырмын. Алдағы жұмыс жоспарым наубайхананы кеңейтіп, ауданға өзімнің үлесімді қосу, — дейді Сандуғаш Үсіпбекова.
Сондай-ақ, ол қайырымдылық жасап, тегін нан таратып тұратынын жеткізді.
Жаңа бизнестің арқасында, мұнда піскен нанның иісі аңқып, келушілердің де қатары артқан. Сонымен қатар, той-томалақ, ас берушілер үнемі тапсырыс беріп жатады.
— «Берекелді» наубайханасының тоқаштарын алып көрдік. Өте дәмді. Бағасы да тиімді, — дейді қала тұрғындары.
Нан мен тоқаш өнімдерінің сан алуан түрін пісіретін наубайхана болашақта аудан дамуына өзіндік үлес қосатынына сенімдіміз.