Бүгін Байзақ ауданында әз-Наурыз мерекесіне орай Кенен Әзірбаев атындағы балалар саз мектебі жыл сайынғы дәстүр бойынша есеп беру шығармашылық өнер кешін өткізді — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Бүгінде қайта түлеп, күрделі жөндеуден өткен Кенен Әзірбаев атындағы балалар саз мектебі бірден-бір өнерге баулу ошағы ретінде мақтауға әрі мақтануға тұрарлық ұжым десек артық айтпағанымыз. Осында өнер әліппесін танудан бастап облыстық, республикалық, халықаралық саз байқауларына қатысқан мектеп шәкірттері көбінде бас бәйгелер мен лауреаттық жүлделерге қол жеткізіп, ауданның абыройын көтеруде.
Есеп беру кешіне аудан әкімі Нұржан Нұржігітов, аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шолпан Байтақова, аудан әкімі аппаратының басшысы Еркін Заурбеков, қосымша білім беру ұйымдары, мектеп ұжымы мен ата-аналар қатысты.
Санитарлық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылған шығармашылық өнер кешінің шымылдығы Рабиға Қасымбекова жетекшілік ететін домбырашылар ансамблінің орындауындағы Қуаныш Нүкішовтың «Шабыт» шығармасымен ашылды.
Жанар Садуақасованың жетекшілігімен қобызшылар Ықыластың «Жезкиік» күйін, Гүлназ Алимкулова жетекшілік ететін дәстүрлі әншілер үштігі «Ән шашу», скрипкашылар ансамблі Жанна Жолшиеваның жетекшілігімен және концертмейстер Наталья Кимнің сүйемелдеуімен Доганың «Вальсін», Людмила Кочергина бастаған флейтситер халық әні «Ақ дариғаны» орындап, көрерменнің ыстық ықыласын иеленді.
Сондай-ақ, өнер кешінде қатысушылар Құрманғазының күйі «Балбырауынды» нақышына келтіре орындаған саз мектебінің директоры Панабек Ахметов пен Салтанат Кенжебекованың өнеріне тәнті болды. Бұдан соң Нем Вадим мен Ли Андрейдің орындауында Соколовскийдің «Полькасы», Бахтияр Қылышбаевтың жетекшілігімен аккордеонистер триосы орындаған Пьяццолланың «Либертангосы», халық фольклорлық ансамблінің (жетекшілері Айман Шерметова мен Әсел Дайрабаева) «Кербез қыз» күйі, домбырашылар ансамблінің орындауында (жетекшісі Жанбота Омарова) «Детство» шығармалары орындалды.
Есепті өнер кеші Рауан Жексембі бастаған домбырашылар төрттігінің орындауындағы «Күй шашумен» қорытындыланды.
Мектеп ұжымының шығармашылық кешіне өз ризашылығын білдірген аудан әкімі құттықтау сөз сөйледі.
— Құрметті ата-аналар! Былтырғы жылы ауданымызда бірқатар өзгерістер орын алғаны белгілі. Оның ішінде, мәдениет саласына да көңіл бөлініп, үш бірдей елді мекенде мәдениет үйлері салынды. Одан бөлек, ақын-сазгер, ауданның Құрметті азаматы Қасқырбай Нарбатырдың 63 жасқа толған мерейтойына орай, шығармашылық кешін өткіздік. Оған қоса, айтыскер ақын, сазгер Алтынкүл Қасымбекова ауданның Құрметті азаматы атанды. Енді, осы саз мектебіне келер болсақ, бір жыл бұрын осындай есеп беру кешіне келгенде мектеп директоры мен ата-аналар тарапынан ұсыныс болған еді. Сол өтініш бүгін жүзеге асырылып, саз мектебі күрделі жөндеуден өткізілді. Бұл, әрине ата-аналар мен мұғалімдердің еңбектері деп айтуға болады. Мынадай дарынды, өнерпаз жастарды облыс тіпті республика деңгейінде көруіміз керек. Біз оған біркісідей атсалысуымыз керек, — деп сөзін түйіндеген Нұржан Молдиярұлы кеш қатысушыларын Ұлыстың ұлы күні мерекесімен құттықтады.
Өз кезегінде ата-аналар комитетінің төрайымы Ақжарқын Сапарбаева да жаңа келбетке ие болып, қайта жаңғырған саз мектебінің ұжымы мен ата-аналар атынан аудан басшылығына аналық ризашылығын білдірді.
Қазақтың әйгілі халық ақыны, жырау, сал-серілік дәстүрдің соңы, әнші және композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кенен Әзірбаевтың есімін иеленген өнер ұжымы әлі талай асуларды бағындырып, өнердің биік шыңдарынан көрінетініне сеніміміз мол.