Мойынқұм ауданының әкімі ардагерлер мен жасөспірімдерді қабылдады

0 9

Мойынқұм ауданының әкімдігінде аудан әкімі Мәден Мұсаев Наурыз мерекесінің қарсаңында арнайы қабылдау өткізді, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Жиынға Мемлекеттік қызметтен зейнетке шыққан еңбек ардагерлері мен Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін алғаш рет алатын азаматтар қатысты.

— Тәуелсіздік жылдары есейген жастардың көз алдарында еліміз гүлденіп, дамып келе жатыр. Бойларындағы ерік-жігер, қарым-қабілет, білім қуатты Қазақстанның қалыптасуына көп үлес қосады. Ата-аналарың аман болып, ашық аспан астында бақытты өмір сүріп, алдағы күндеріңе сәттілік, әрқайсысың өмірден өз орындарыңды тауып, сүйікті істеріңнің нағыз маманы болыңдар! — деген тілек білдірді аудан әкімі.

Бұдан кейін, аудан әкімінің арнайы құттықтауы мен естелік сыйлықтары табысталды.

Жеке куәліктер табысталған ауданның жас тұрғындары алғашқы құжаттарын салтанатты шарада алғандарына риза болып, аға буын өкілдеріне өздерінің тілектерін жеткізді. Мемлекеттік қызметтен зейнетке шықса да күнделікті аудандағы ауқымды іс-шаралардың алдыңғы қатарында жүрген сала ардагерлерімен пікір алмасып, татулық пен ынтымақтың, береке мен бірліктің, еңбек пен молшылықтың мейрамы Әз-Наурыз мерекесімен құттықтады.

Ел ішіндегі татулықты ту етіп, бірлікке шақырып жүрген ардагерлер елімізге келіп жеткен Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесімен аудан халқын құттықтап, өздерін елеп-ескергендігі үшін алғыстарын білдірді.

Кездесу соңында аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері әннен шашу шашты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.