Мәден Мұсаев мойынқұмдықтарды Наурыз мерекесімен құттықтады

0 0

Мойынқұм ауданының әкімі Мәден Мұсаев мойынқұмдықтарды Наурыз мерекесімен құттықтады, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

«Қымбатты мойынқұмдықтар! Тәуелсіздік таңы бізге Шығыс халықтарының құтты да, қастерлі мерекесі-Наурыз мейрамын қайта әкелді. Осы жылдарда Наурыз мейрамы біз үшін табиғат жасарып, Жер ана бусанып түрленетін кезде тойланатын, әрі адамдардың рухани жағынан тазаруына жәрдемдесетін, қоғамда бейбітшілік пен келісімді нығайтатын нағыз жалпыхалықтық сүйікті мерекеге айналды. Наурыз – бұл ең алдымен бірлік пен түсіністіктің, ізет пен ілтипаттың, қамқорлық пен достықтың мерекесі. Бағзы кездерде осы күні қантөгіс соғыстар, руаралық қақтығыстар мен кикілжіңді даулар тоқтатылып, өзара өкпе — араздыққа кешірім жасалған. Наурыз дастарханы адамдарға жылы шуақ құйып, қасиетке ұмтылысын оятқан. Бұл күні көпшілік аулалары мен арық-атыздарды тазалап, ауыл маңына, көшелерге, үй іргесіне тал –дарақтар егіп, жаңа өмірге жаңа көзқараспен бет бұрған. Наурыз мерекесі қарсаңында ауданымызда да санитарлық тазалық, көгалдандыру мен көгеріштендірудің екі айлық шарасы кең ауқымда жүргізілуде.

Наурыз татулықтың мейрамы. Ел үшін, ұрпақ үшін бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын кез келді, ағайын! Әлемдік дағдарыстың қиындықтарына төтеп беру үшін біз үшін тек бірлік пен түсіністік керек. Адал еңбек пен өмірге құлшыныста жандарыңызға серік болсын деймін.

Құрметті жерлестер! Көктемнің осынау күнінде баршаңызға мықты денсаулық, отбасының бақыты мен шаттығын, туған Отанымыз — Қазақстанның гүлдене беруі жолындағы бейбіт еңбектің қуанышы мол болуын тілеймін. Наурызда Сіздердің барлық арман тілектеріңіз орындалып, игі ниеттеріңіз жүзеге ассын. Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесі құтты болсын!» — делінген хабарламада.

Leave A Reply

Your email address will not be published.