Жамбыл ауданында 57,3 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын отырғызу жоспарланған

0 13

Биыл Жамбыл ауданында 57,3 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын отырғызу жоспарланған. Қазіргі уақытта бұл ауданда жаздық масақты дақылдар – 9,4, көпжылдық шөп – 2, көкөніс – 2 мың гектар алқапқа орналастырылса, 540 гектарға майлы дақылдар себілген, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

«Шарипов» шаруа қожалығының жетекшісі Əбдумалик Шариповтың айтуынша, шаруашылық қант қызылшасын – 100, жүгеріні – 180, пиязды – 200, картопты – 110 гектарға егуді жоспарлаған. Көктемгі дала жұмыстарына жаңа кіріскен шаруашылық Ақбастау ауылы маңындағы Құмтиын-Шоқай алқабына 55 гектар картоп егіп, 50 гектар алқапқа пияз тұқымын сеуіпті.

Алқап басында шаруашылықтың 13 техникасы жұмыс істеуде. Көктемгі дала жұмыстарына отызға тарта жұмысшы тартылған. Қожалық Қарағанды облысынан картоптың 330 тонна жоғары репродукциялық тұқымын әкеліп егуде. Ерте пісетін картоп сұрпын шілде айында қазып алып, Отандық нарықты өз өнімімізбен қамтамасыз етпек.

Сондай-ақ қожалықтың егіс алқаптарына пияздың «Campero F» жəне «САМАНТА» сұрыптары себілуде. Өткен жылы қожалық оның әрбір гектарынан орта есеппен 70-100 тоннадан өнім жинапты. Биыл да осы шамада өнім аламыз ба деген үмітте. 

Бір атап өтерлігі қожалық су үнемдеу технодогиясын енгізу арқылы соңғы үш жылдың көлемінде өз алқаптарынан жақсы өнім жинапты. Қожалық жетекшісі Əбдумалик Шарипов қант зауытының өзіне 13 миллион теңге берешегінің барын айтып, биліктен соны алып беруге ықпал етуін сұрады.

— Бүгінгі таңда қант зауытының 13 шаруа қожалығына 140 миллион теңге берешегі бар. Зауыт бір-екі аптада барлық қарызды жабуға уəде беріп отыр. Сіздің қарызыңызды жауып береді, — деді Берік Нығымашев.

Жалпы биыл Жамбыл ауданы 600 гектар алқапқа пияз, 580 гектарға картоп отығызса, пияздың 400, картоптың 450 гектарына тамшылатып суару технологиясын енгізбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.