Жамбылда 1100-ден аса тұрғын екпе салдырды

0 5

Қазір вируспен күресудің жалғыз амалы – екпе салдыру. Бүгінде өңірімізде екпе салдырып жатқан адамдардың саны да артып келеді. Жамбыл ауданы әкімі аппаратының басшысы Жомарт Телеуов бастаған бір топ мемлекеттік қызметкер аудандық орталық ауруханаға барып, ресейлік «Спутник-V» вакцинасын салдырды, — деп жазады “ZhambylNews” АА.

– Міне, бүгін әріптерімізбен бірге вакцинациялаудан өттік. Алдағы күндері ауылдық округтегі мемлекеттік қызметкерлер екпенің кезегіне тіркелді. Сан салада қызмет етіп жүрген барлық әріптестерді екпе егуге шақырамын! Өздеріңізге белгілі Жамбыл облысы «сары аймаққа» өтті. Мониторингтік топ мүшелері індетті алдын алу, таралуына жол бермеу үшін зерделеу жұмыстарын күшейтті. Барша тұрғындарға айтарым, той, жиыннан, көпшілік шоғырланған басқосудан бас тартыңыз! Бетперде режимін бұзбаңыз! Отбасы, жақындарыңыздың өміріне жауапты екеніңізді ұмытпаңыз! Ел ертеңін қатерге тікпеңіз, — дейді Жомарт Тешебайұлы.

Жалпы, емханада вакцина салу үшін 3 кабинет (2 екпе егу, 1 екпеден кейінгі бақылау бөлмесі) жасақталған. Олардың барлығында профилактикалық екпе жұмыстарын жүргізудің стандартты тәртібі бекітіліп, иммундау үшін медициналық мамандар арнайы курстан өткен. Бұл туралы аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Нұрмахан Мәуленов айтты.

– Емханаға келген алғашқы екпе алушыларды дәрігерлер қабылдап, олардың денсаулық жағдайын тексеріп, вакцина қабылдауға ешқандай қарсылық жоқтығына көз жеткізеді. Ең алдымен пациент ерікті түрде вакцина алатыны туралы ақпараттық келісімге қол қояды. Одан әрі екпе алу бөлмесіне жіберіледі. Онда дәрігер вакцинадан кейінгі күтім мен сақтық шаралары туралы екшелеп айтылады. Мәселен, вакцина еккеннен соң жеңіл немесе орташа дәрежеде жағымсыз әсерлердің үш күн ішінде болуы қалыпты жағдай екені түсіндіріледі. Екпе алып болған соң, екпе салдырған медицина қызметкерлері 30 минуттай медициналық бақылау аймағында дәрігердің қадағалауында болды.
Екпе алушыларға екпенің 0,5 миллилитр болатын бірінші компонентін алғаны туралы ескертіліп, 21 күннен кейін бұл процесс тағы да қайталанатыны айтылады. Өйткені, екінші доза біріншісінің әсерін күшейтеді және нығайтады, адам организміндегі антиденелер саны артуына септігін тигізеді. Екпе жүкті әйелдерге, ауыр дәрежелі аллергиясы барларға, вакцина құрамындағы заттарға сезімталдығы жоғары жандарға, 18 жасқа толмағандарға және 65 жасқан асқандарға салынбайды. Бүгінгі күнге 1102 тұрғын екпе салдырып үлгерген. Оның ішінде 527 медицина қызметкері, 467 мұғалім, 20 мемлекеттік қызметкер, 3 тәртіп сақшысы, 23 тұрғын, 36 әскери қызметкер, – дейді Нұрмахан Досмұханұлы.

Ұжымдық иммунитет қалыптастырмай, аурудың таралуын тоқтату мүмкін емес. Медицина мамандары осылай деп отыр. Тек екпе салдыру арқылы ғана біз қалыпты өмірдің қайтып келуіне мүмкіндік тудырамыз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.