Т.Рысқұлов ауданының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен аудан орталығында және ауылдық округтерде Covid-19 індетінен сақтану туралы 1500 ге жуық жаднама қағаздары таратылды, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Елімізде жұқпалы індет кең етек жайған кезеңнен бастап аудан жастары көптеген жұмыстар атқарып келеді. Әсіресе олардың тұрғындарға аурудың алдын алу, қауіпсіздік шараларын түсіндіру бағытындағы еңбектері ұшан-теңіз. Жамбыл облысы аумағында індет жұқтырушылар саны көбеюіне байланысты барлық ауылдарда сақтық шаралары күшейтіліп, халыққа түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілуде.
Аудан жастары аудан орталығы мен шалғай ауылдық округтерде халық көп шоғырланған жерлерде волонтерлар күнделікті ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Есепті кезеңде қоғамдық орындарда тазалық сақтау, дезинфекция жасау нұсқаулығы жазылған 5500 дана брошюра таратылып, 300 нысанға ескертпе қағаздары ілінді.
Басты мақсат – адам көп шоғырланатын орындарда тазалық жұмыстарын жиі жүргізуді ұйымдастыру, меншік иелеріне індеттің қаупі жоғары екенін түсіндіру. Себебі тұрғындар әлі де болса тазалық шараларына бейжай қарап, мән бермей отыр. Сақтық шараларын жиі жасау арқылы індеттің таралуына тосқауыл қою қажет.