Тұрар Рысқұлов ауданындағы «Ақтоған» макарон цехында енді жарма мен кеспе шығару қолға алынбақ. Қазір қажетті қондырғылар орнатылуда, — деп жазады “ZhambylNews” АА.
«Ақтоған» шаруа қожалығында макарон өнімдерін шығару цехы табысты жұмыс істеп келеді. Онда макорон өнімдерінің 21 түрі өндіріледі.
Цех операторы Алексей Лягутенконың айтуынша, италиялық қондырғыдан тәулігіне 2, ал украйналық қондырғыдан 3,5 тонна макорон өнімдері шығарылады. Қожалық өнімін Т.Рысқұлов пен Меркі аудандарының, сондай-ақ Тараз қаласының сауда орталықтарына өткеруде.
— Болашақта өнім түрін көбейту жоспарымызда бар. Қазір өзіміздің диірмен жұмыс істеп тұр. Онда ұнның үш сортын шығарамыз. Макорон өнімдеріне өз ұнымызды пайдаланамыз. Алдағы жылы макорон өнімдеріне қосымша жарма және кеспе шығару жоспарымызда бар. Алдағы уақытта өнімімізді Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына шығарсақ, одан ары шет мемлекетке экспорттау ойда бар, — дейді Алексей.
Мұнда 25 адам жұмыс істейді екен. Жаз айларында олардың саны 50-ге дейін артады. Қожалық 600 гектарға жуық егістік жерінен өзіне қажетті шикізатты дайындап алуда. Алда егіс алқаптарын арттыру арқылы цехтың өнім көлемін жоғарлатпақ ниетте. Жалпы цех жұмысына қажетті құрал-жабдықтарды көрші Қырғыз елі мен Ресейден әкеліп, құрастырып та қойыпты.