Бүкіл жер — жаһанды дүрліктірген екінші дүниежүзілік сұрапыл соғыстың да аяқталғанына, міне, 76 жыл толып отыр. Сол бір қаһарлы жылдардың куәгерлері – ардагерлер қатары да тым сиреп барады. Осынау айтулы күнге орай, Байзақ ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов Ұлы Отан соғысының куәгері, жетібайлық қарт тұрғын Рахымжан Мамыралиевтің отбасына барып, құттықтап қайтты, — деп жазады “ZhambylNews” АА.
Биыл қаңтар айында 96 жасқа толған, қимылы әлі де ширақ Рахымжан ата өзін құттықтай келген аудан басшылығын есік алдында қуанышты жүзбен қарсы алды.
Бақыт Қазанбасов майдангерді Ұлы Жеңістің 76 жылдығымен құттықтады. Сонымен қатар, қазыналы қарияға облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың Ұлы Жеңістің 76 жылдығына арналған Алғыс хатын табыс етті.
Бердібек Мәшбекұлы өз хатында нағыз сындарлы шақта өрлік пен ерліктің үлгісін көрсетіп, осынау Жеңісті жақындатуға қосқан аға буынның үлесі бүгінгі ұрпақ үшін үлгі — өнеге болып табылатынын атап өткен.
Кездесуде аудан әкімімен бірге аудандық мәслихаттың хатшысы Бақтияр Ақбаев, аудан әкімі аппаратының басшысы Еркін Заурбековте болып, қарт жауынгерге мерекелік сыйлықтарын беріп, хал-жағдайын сұрап, емен-жарқын әңгіме құрды. От пен оқтың арасынан аман оралған қарт майдангер жауынгерлік жолдарынан естеліктер айтты.
Рахымжан Мамыралиев 1925 жылы 25 қаңтарда Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Жамбыл колхозында дүниеге келген.
1943 жылы қаңтар айында Жамбыл аудандық әскери комиссариаттан соғысқа аттанған. Приморск өлкесін, Ворошилов қаласын азат етуге қатысқан. Жапон соғысына қатысып, Манчжурияда, Корея Республикасының Сеул қаласында, соғыс біткен кезде Кореяда болған.
Елге 1951 жылы оралып, 1953 жылдан 1962 жылға дейін «Ақкөл» колхозында есеп бөлімінің бастығы, Жамбыл ауданының «Бірлесу-Еңбек» колхозында екі жыл жұмыс істеген.
1966 — 1971 жылдары Аса ауылында, 1971 — 1985 жылы Фрунзе колхозында қызметтер атқарыпты.