Талас аудандық тарихи-өлкетану музейінде халықаралық музей күніне орай ашық есік күні және музей түні болып өтті, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Аталмыш акцияға келушілер археологиялық, этнографиялық, аудан тарихы, Тәуелсіз Қазақтан және Қаратау тау-кен комбинаты бөлімдерін тамашалап, ерекше әсер алып қайтты.
Экскурсия жетекшісі келушілерді Қазақстан аумағын ежелгі дәуірден орта ғасырларға дейінгі кезеңде мекендеген тайпалардың тарихын, экономикасын, діни көзқарасын, қолөнерін, архитектурасын көрсететін археолоиялық топтамамен таныстырды.
Сондай-ақ, тас ғасыры, қола дәуірі, ерте темір және орта ғасыр дәуірлерін қамтитын хронологиялық және тақырыптық тәртіппен орналастырылған экспонаттар да келушілер назарына ұсынылды.
Этнография бөліміндегі киізден, сүйектен, ағаштан, теріден жасалған бұйымдар мен кілем, алаша, сондай-ақ, ұсталық кәсіптің және зергерлік өнердің туындылары ата-бабаларымыздың көшпелі, отырықшы, сонымен қатар материалдық мәдениетінің тарихынан сыр шертеді. Тарихын қашап қалдырған тасына да тамыр біткен Ұлы даланың жәдігерлерін өскелең ұрпақ пен жалпы халыққа насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шара жалғасын табатын болады.