Қорағаты ауылына газ тартылуда

0 3

Тұрар Рысқұлов ауданында соңғы жылдары ауыл-аймақты газдандыру ісі ерекше қарқын алды. Кешенді жұмыстардың арқасында аудандағы елді мекендер жыл соңына дейін толығымен көгілдір отынның игілігін көреді деп жоспарланып отыр. Сондай елді мекендердің бірі – аудан орталығынан шалғайда орналасқан Қорағаты ауылы, — деп жазады “ZhambylNews” АА.

Қазіргі таңда Сәбденов ауылы мен Қорағаты ауылдары аралағындағы 22 шақырым аралыққа құбыр салу жұмыстары қолға алынған. Күні кешеге дейін қыстық отын үшін алыстан көмір тасып, іргедегі ағашты отап келген ауыл тұрғындары жаңалықты қуана қарсы алды.

Қорағаты ауылында 11 көше, онда 158 түтін бар. Күні бүгінге дейін Ғани Мұратбаев, Мәншүк Мәметова, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Әлия Молдағұлова, Ыбырай Алтынсарин көшелеріне жер қазылып бітіп, Абай көшесінде бес эксковатор тракторы жер қазу (траншея) жұмыстарымен айналысуда. Осы орайда, газбен жабдықтау желілерін салу жұмыстарының жүргізілу барысын аудан әкімі Ерболат Садырқұлов өз көзімен көріп қайтты.

Бір айта кететіні, әр үйге газ кіргізіп беру де ауыл халқына арзанға түсейін деп тұр. Мысалы, әр үй газ кіргізуші мекемеге 150 мың теңгеден ғана төлемақы жасайтын болады. Ал, Ақбұлақ ауылынан бергі шығынды мемлекет өз мойнына алып отыр.

Сонымен, биыл күзге дейін «көгілдір отын» кірмеген 11 ауыл да жылынып, жұрт көмір жағып, күл шығарудың қиындығынан құтылады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.