Жамбыл ауданында спорт мұражайы ашылды

0 2

Шайдана ауылы – аудандағы ынтымағы мен бірлігі жарасқан ұйымшыл ауылдардың бірі. Жергілікті тұрғындары мәдениет пен спортқа жақын. Ауылда туып өскен азаматтардың бірқатары республикаға танымал әнші не спортшы. Әсіресе, ауыл жастарының спортта жеткен жетістіктері өз алдына бір төбе. Оларға қолдау көрсететін азаматтар да бар. Мәселен, осы ауылдың тумасы, жеке кәсіпкер, меценат Әділ Байұзақов ауыл спортын, оның ішінде кіші футболды дамыту мақсатында 2012 жылы шағын алаң салып берген. Соның арқасында «Шайдана-Алмаз» әуесқой футбол командасы құрылған. Айтулы команда 2017, 2019 жылдары аудан әкімінің кубогын иеленген. 2013, 2020, 2021 жылдары әуесқойлар арасындағы облыстық кіші футбол лигасының күміс жүлдегері атанған.


Бұдан бөлек, ауыл тумалары – қазақ күресінен ел чемпионы, «Қазақстан барысы – 2016» республикалық турнирінің қола жүлдегері Айбол Айтбек, қол күресінен әлем чемпионы, әлем кубогының иегері, әпкелі-сіңлілі Пернежан мен Арайлым Сағатілләлар облыс намысын қорғап, байрақты бәсекелерде атой салып жүр. Бір сөзбен айтқанда, бұл ауыл атақты спортшыларға да, арда азаматтарға да кенде емес.
Жыл басында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде «Жомарт түлек» жобасы қолға алынған болатын. Жуырда ауданымызда осы жоба аясында үлкен форум өтіп, оған шет елде, елімізде түрлі салада абыройлы қызмет етіп жүрген 420-дан астам түлек қатысқан етін. Сол форумда туған өлкенің әлеуметтік-экономикалық дамуына қомақты үлес қосқан бірқатар азамат лайықты марапатталған. Әділ Әбубәкірұлы солардың қатарында. Жомарт түлектің ауылына сіңірген еңбегін жерлестері де жоғары бағалап, рақмет айтып отыр. Алғыс арқалаған жанның игілікті істері көпке үлгі.
Өткен сенбіде Әділ Әбубәкірұлының демеушілігімен Шайдана ауылындағы «Шайдана-Алмаз» кіші футбол алаңы жанынан спорт мұражайы ашылды. Аталмыш жоба шеңберінде бой көтерген нысанның ашылуына аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев, аудан әкімі аппаратының басшысы Жомарт Телеуов арнайы келді. Ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасып, жылы лебіздерін жеткізді. Әділ Әбубәкірұлына аудан әкімінің Алғыс хаты мен сыйлығын табыстады. Жомарт жанға ауыл азаматтары да құрмет көрсетті. Оның үстіне шапан жауып, ризашылықтарын білдірді.
Ауыл имамы Тұрғынбек Оңғарбаев пен Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Амангелді Қоңырбаев киіз үй форматында салынған спорт мұражайының кермесін қиды. Осы мұражайдың соғылуына атсалысқан жандарға алғысын айтып, ізгі тілектерін арнады. Артынан бата қайырды.
Өз кезегінде жиналған көпшілік мұражайдың ішін аралап көріп, ауыл спортының тарихынан, саңлақ спортшылардың жетістіктерінен сыр шертетін құнды жәдігерлерге үңілді.
Нысанның ашылу құрметіне кіші футбол, волейбол, шахмат, қазақ күресінен жарыстар ұйымдастырылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге, түрлі номинация иеленген үздіктерге тиесілі дипломдар мен бағалы және қаржылай сыйлықтар табыс етілді.

Ильяс Қалыбеков,
Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.