Қордайлық кәсіпкер Өмірәлі Варшакидзе құлпынай көшеттерін былтыр 10 гектар алқапқа отырғызып, одан 5-6 тонна өнім алыныпты. Биыл кәсіпкер тағы да 300 мың көшет сатып алып, оның көлемін бірнеше гектар алқапқа арттырған, — деп жазады “ZhambylNews” AA.
«Басын көтеріп елден сұрағанша, басын иіп жерден сұрайтын» диқан қауымы көктемгі дала жұмыстарына белшеше кіріскен шақ. Жылдағы дәстүрлі дәнді дақылдармен қатар ауданда жемістің жаңа түрлерін өсіруге де ден қойылып келеді.
Бүгінгі таңда Сарыбұлақ ауылдық округіндегі «Благовещенка» ЖШС құлпынайдың «Альбион» сұрыпын отырғызуды қолға алған.
Құлпынайдың бұл ерекше сұрыпының жидектері қатты, тәтті және хош иісті болып келеді. Жинағаннан кейін тауарлық түрін жоғалтпай, саудаға шығаруға өте ыңғайлы. Мемлекет тарапынан шаруашылыққа құлпынайды өсіруге 50 пайыз субсидия ретінде қолдау көрсетілуде.
— Мемлекеттен көп көмек алып жатырмыз, осының арқасында мол өнім алуға барлық жағдай жасалған. Құлпынай өсіру табысы мол іс, ол жыл сайын өнім береді. Ең бастысы барлық технологияны мұқият сақтаған жөн, — дейді серіктестік басшысы Өмірәлі Варшакидзе.
Серіктестік қазір бұл бағытта жұмыстарын жандандырып, шаруашылыққа озық технологияларды енгізіп, жеміс-жидектік және көкөніс кластерін дамытуда. Құлпынай көшеттері былтыр 10 гектар алқапқа отырғызылып, одан 5-6 тонна өнім алыныпты. Жақында серіктестік тағы да 300 мың көшет сатып алған.
Өмірәлі Варшакидзенің айтуынша, жоба іске асса жылына 200-300 тонна өнім алуға болады екен. Ішкі нарықты жергілікті өніммен қамтамасыз еткеннен кейін, сұраныс болып жатса оны экспортқа шығару мәселесін де шаруашылық қолға алмақ ниетте.
Серіктестік құлпынаймен қатар пияз бен көкөністі 40 гектар алқапқа егіп, оған тамшылатып суару жүйесін енгізген. Бұдан бөлек, қожалық бидайды – 700, арпаны – 400, жүгеріні – 300 гетар алқапқа орналастырған. Сонымен қатар 800 гектарға орналастырылған жоңышқа алқабы бар.
Қазіргі таңда Ө.Варшакидзе басқаратын серіктестік жаңа технологияларды шаруашылыққа батыл енгізіп, мемлекеттік көмектің арқасында техникаларын жаңартуда.