Қарасу ауылдық округіне қарасты 170-ке жуық түтіні бар Шайдана ауылына көше жарықтары орнатылды. Енді Абай көшесінің тұрғындары қас қарайғанда велосипед, ролик тебуіне ешқандай кедергі жоқ, — деп хабарлайды “ZhambylNews” AA.
Еске сала кетейік, «Сәтбай ата» мешітінің имамы, Абай көшесінің тұрғыны Тұрғынбек Оңғарбаев аудан басшысының ақпан айында өткен халық алдындағы есептік кездесуінде еліміздің біртуар перзентінің есімін иемденген көшеге ендігі жетіспей тұрғаны көше жарығы екенін айтса,(мұның алдында асфальт төселген болатын) ауыл тұрғыны Жомарт Әбілдаев көгілдір отынды шайданалықтар асыға күтіп жүргенін алға тартқан еді.
Тұрғындардың сауалын назарға алған Жамбыл ауданы әкімі Сәкен Қаланұлы:
— Биыл Шайдана ауылына мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде ауылішілік көшелерге газ құбырын және ақсақалдың көше жарықтандыру бойынша жолдаған сауалын іске асырамыз. Халық алдына келгеннен кейін бұл уәделер міндетті түрде орындалады, — деген болатын.
Расымен, «сөзден — іске» дегеніміз осы болар. Бүгінде Абай көшесі жарықтандырылса, ауыл тұрғындары үшін жаз айы мен бірге газ құбыры да ауыл ішіне жақындай түскен.
Бұл тұрғыда ауыл иманың да, жалпы шайданалықтардың да айтар алғысы шексіз.