Облыстық қаржы ұйымдарының өкілдері Талас ауданындағы кәсіпкерлермен кездесті

0 6

Бүгінде еліміздегі шағын және орта бизнесті дамытуға басымдық беріліп отыр. Қазіргі уақытта кәсіпті кеңейтуге, іс бастауға арналған бірқатар бағдарламалар бар. Осыған орай, облыстағы қаржы ұйымдарының өкілдері Талас ауданындағы кәсіпкерлермен кездесті, — деп жазады “ZhambylNews” АА.

Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Төрехан Қойлыбаев, аудан әкімдігі кәсіпкерлік,өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаров, аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Гүлмира Татимбетова және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Серік Кошкинбаев қатысты.

— Елімізде бизнесті дамытуға арналған тиімді бағдарламалардың бірі — «Бизнестің жол картасы-2025». Оған ұсынылған жоба экономиканың ең негізгі саласының тізіміне енсе, ол жағдайда екінші деңгейлі банктерде несие рәсімдеу кезінде субсидиялау, несиеге кепіл беру сияқты мемлекеттік қолдау шараларын пайдалануға болады. Бағдарлама аясында 7 млрд. Теңгеге дейін несие беру қарастырылған. Егер іс бастауға тәуекел еткен азамат инновациялық жоба ұсынса, мемлекеттік грантты яғни қайтарымсыз қаражатты иеленуге мүмкіндігі бар. Бағдарлама аясында 7 млн. теңгеге несие беру қарастырылған. Ал, грант көлемі 5 млн. теңгеге дейін, — деді облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының мемлекеттік қолдау бөлімінің басшысы Дамир Досалянов.

Бұдан бөлек, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы да тиімді ұсыныстарымен ерекшеленеді.

— Негізі бағдарлама шағын бизнес пен шаруа қожалықтарын және жеке кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларына несие төрт пайызбен беріледі,-дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Жамбыл филиалының несиелік бөлімінің басшысы Бауыржан Таджибаев.

Жалпы, бастаған істі кеңейту үшін немесе тірлік бастауға алатын несие үшін кепілдік қажет. Оның әр өңір бойынша белгіленген нормативтері бар. Кепілге қойылатын жылжымайтын мүліктердің құны оның орналасқан жеріне қарай бағаланады. Бұл орайда ауыл-аймақтардағы тұрғын жайлардың бағасы төмен. Бағаланған құнына ойдағы кәсіпті игеріп кету екі талай. Негізінен, ауыл тұрғындарының көтерген мәселесі осы төңіректе өрбіді. Жолданған сауалдарға «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Жамбыл облыстық филиалы кепілдендіру және сақтандыру бөлімінің басшысы Әлібек Сейдахметов жауап берді.

— Кепілге қойған мүлкіңіз құны төмен болған жағдайда қаражатты толықтыру үшін кепілдік беретін мекемелер бар. Мысалы, баспанаңыздың жалпы құны 10 млн. теңге тұрады делік, 6 млн. теңгеге бағаланды. Қосымша 4 млн. теңге қажет болса, мекеме кепілдік береді.
Ол үшін Несиелік серіктестікке және микро қаржылық ұйымдарға мүше болуыңыз қажет. Келісімге қарай алған сомаңыздың жарнасынтөлейсіз. 300 мың теңге төлесеңіз, несие мерзімі аяқталған соң төлеген жарнаңызды қайтарып алуға болады,- деді ол.

Биыл аудан бойынша 280 адамды «Бастау-Бизнес» жобасы аясында
оқыту көзделген. Қазір 100 адамнан құралған бірінші топ оқуларын аяқтады. Ендігі кезекте 100 адам дәріс алады. 21 күндік оқуды бітірген соң арнайы сертификат беріледі.
Сол арқылы бизнес жоспарыңызды әзірлеп, кәсіп бастап, несие алуға немесе қаржылай грантты жеңіп алуға болады.

Қолдауларды пайдаға жаратып, қолға алған ісінің игілігін көріп отырған кәсіпкерлер ауданда аз емес. Мәселен, үстіміздегі жылы өнеркәсіп салаларын және кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Жол картасымен бекітілген «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша орындауға 16 жоба ұсынылған. Бағдарламаға қатысуға 2021 жылдың қаңтар айында 147,0 млн. теңгеге 18 жоба иесі несие алуға ниет білдірген. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-мен берілетін портфельдік субсидиялау бойынша 2021 жылдың төрт айында ауданнан «Halyk bank» және «Сбербанк» АҚ арқылы 31,1 млн. теңге қаражатқа 8 кәсіпкер қол жеткізді. Ал, «Банк кредиттері бойынша кепілдік беру» негізінде бағдарлама шеңберінде 58,7 млн. теңгеге 12 жобаға өтінім берілген. Нәтижесінде 44,2 млн. теңгеге кепілдік сомасы ұсынылды. Іспен шұғылдануға ынта танытқан азаматтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың қаншалықты орнықты екендігін осыдан байқауға болады.

Аймақтағы шаруа қожалық басшыларына, жеке кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізген қаржылық ұйым өкілдері Қаратау қаласы әкімі аппаратының мәжіліс залында, сондай-ақ, Ақкөл және Бостандық ауылдық округтерінде болып, кездесулер өткізді.

Кездесу соңында қаржылық ұйым өкілдері тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, туындаған мәселеге байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.