Арақтан келетін зиянның орасан екенін баршамыз білеміз. Текті қазақтың тегі бүлінбесін десек, бұл мәселеге бейжай қарамауымыз керек. Осылай деп дабыл қаққан «Аса адалдық алаңы» жобалық кеңсесі той-думанды арақсыз өткізуге, дүкендерде шарап сатпауға шақырып, тұрғындар мен кәсіпкерлерге үндеу тастады, — деп жазады “ZhambylNews” АА.
Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетов, «Аса адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Жандар Тоқсаба, аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Талғат Шынтасов және мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Айдын Минбаев бар топ «Ішімдіксіз ауыл» жобасы аясында Қарасу, Ақбастау, Көлқайнар ауылдық округтерінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
Қазірде қылмыстардың көпшілігі азаматтардың спирттік ішімдіктерді ішкені салдарынан туындап отыр. Осы мәселелер тұрғындармен кездесу барысында айтылып, жан-жақты түсіндірілді.
– Келешекте ауданымыз бойынша ішімдік ішу тоқтатылса, қылмыс саны азаятынына кәміл сенемін. Ертеңгі ұрпақтың бүгін бесігін түземесек, ертең ел болудан қаламыз, – деді келелі жиында сөз алған Жандар Жамбылұлы.
Сондай-ақ, бүгінгінің жасы мен жасамысы ащы суға әуестенбей, дұрыс бағытта жүруі керектігін атап өтті.