Қарасаздық Павел және Надежда Подстречныйлармен көрші қонған Сағындық Тоқбергенов пен Есімхан Сеңгірбаевтың бақшалары да ұқыптылығымен көзге ұрып тұр. Көршілері осы үш үйді бақша егуден «социалистік жарысқа» түскендер деп қалжыңдайды, — деп жазады “ZhambylNews” AA.
Қарасаздық ерлі-зайыпты Павел және Надежда Подстречныйлардың үй іргесіндегі жиырма бес сотық жер телімінен бос орын таппайсың. Бейнебір Ботаника бағын аралап жүргендей күй кешесің. Әсіресе, дәмі тіл үйіретін таңқурай мен құлпынай ерекше бапталады. Бақшаның оң жақ жиегін ала, ені бір метр етіп отырғызылған таңқурай шарбақтың аяғына дейін ұзыннан-ұзақ созылып жатыр. Желкілдеп, пісіп-жетілген құлпынай да бақшаның сәніне айналғандай.
Одан бөлек, әр тұста қияр, орамжапырақ, қызылша, аскөк, асқабақ, картоп, баклажан, бұрыштың бірнеше түрі, қызанақ, сәбіз, бұршақ секілді дәруменге бай көкөністер мен жеміс-жидек жайқалып тұр. Дәл ортада қиярдың өркен жаюы үшін ағаш қадаларды жіппен шандып байлап, тор жасап қойған.
Ауыл мектебінде мұғалім болып жұмыс істейтін Надежда Николаевна бақша өсірумен негізінен жұбайы Павелдің айналысатынын айтады. Бақша иелері ағын судың балама көзі ретінде құдық суын сусорғы арқылы сорып, бастырма үстіне орнатылған темір ыдысқа жинап, күнге жылытып барып та пайдаланады. Жылы су әр танапқа өз ағынымен резеңке шлангалар арқылы беріледі. Жеміс ағаштарынан алма, алмұрт, бәкене бойлы шие бар. Кіреберіс аулада жүзім жайқалып тұр. Павел өткен күзде бір асқабағының 51 келі тартқанын, оны үйге арнайы арбамен жеткізгенін айтады.
Олармен көрші қонған Сағындық Тоқбергенов пен Есімхан Сеңгірбаевтың бақшалары да ұқыптылығымен көзге ұрып тұр.
Саналы ғұмырының елеулі бөлігін құқық қорғау органдарындағы қызметке арнаған Сағындық аға мен жұбайы Дина апай бақша баптағаннан жалықпайды. Көлемі шағын болғанымен, отбасының бар керегіне жарайды. Піскен жемістерді базарға апарған не көршілеріне саудалаған емес. Жылда көшетін қазып, таныстарға өсірсін деген ниетпен таратып беріп отыратын әдеті бар.
Дәл қазір жапырақ жайып, мәуелері уылжып піскен құлпынай жемісін алақанат торғайдан қорғау үшін танаптың екі қапталына қада қағып, ұзына бойына керілген жіпке компьютер дискілерін байлап қойыпты. Желден тербелген, әрі күннен жарқылдаған дискілер құстардан қорғауға септігі тиетін көрінеді. Немерелерінің жегінінен қалған құлпынай жемісін тосапқа қайнатып, қысқа сақтап қояды. Сырттағы бала-шағалары келіп алып кетеді.
Есімхан Сеңгірбаевтың бақшасы Павел және Надежда Подстречныйлармен іргелес болып шықты. Оларды көршілері бақша егуден «социалистік жарысқа» түскен деп қалжыңдайды. Есімхан бау-бақшалық жерге ерте көктемде және күзде төрт машина қара қи сіңірген. Қара күзге дейін жеміс салатын құлпынайды осыдан үш жыл бұрын Сағындық Тоқбергеновтен алып отырғызыпты. Қазір түптері нығайып, үлкейіп, жеміс салып тұр.
Танаптарға бөлінген дақылдар уақтылы суғарылады, арасында шөп-шалам жоқ, қамқор қолмен күтім жасалатыны көрініп тұр. 21 қатарға картоптың екі сұрыпы отырғызылыпты. Жалпы егілген қай дақыл болса да, жақсы түп алып тұрғаны байқалады. Бақшада 24 түп алма, үш түп черешня ағаштары жеміс салып тұр.