Байзақ аудандық ардагерлер кеңесі Тараздағы тарихи орындарға саяхат жасады

0 18

Байзақ аудандық ардагерлер кеңесінің бір топ мүшелері аудан әкімінің қолдауымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында, Тараз қаласындағы тарихи орындар мен ескерткіштерді аралап, тағылымды саяхат жасады, — деп жазады “ZhambylNews” АА.

Аудан орталығы Сарыкемер ауылында орналасқан «Қоғамдық келісім» орталығында бас қосқан еңбек ардагерлерін саяхаттауға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермеков бастап барды.

Ардагерлер алдымен облыстық «Ардагерлер орталығына» аялдады. Оларды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев қарсы алды. Орталық жұмысымен кеңінен танысып, пікір алмасқан соң, Желтоқсан оқиғасы құрбандарының бірі, «Халық қаһарманы» Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақты аралады.

Саяхат барысында ардагерлер «Ерлік» мемориалдық кешені мен ондағы Байзақ ауданынан Ұлы Отан соғысына қатысқандар тақтасын және «Халық қаһарманы», жерлесіміз Ғазиз Байтасовтың ескерткішін, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай орнатылған Керей мен Жәнібек хан ескерткіштерін, Айша бибі-Бабаджа хатун кесенелерін,  Қарахан мен Дәуітбек кесенелерін, Көне Тараз қалашағы, ондағы өлкетану музейі, көркемсурет галереясы, «Тектұрмас» этнотарихи кешенін аралап, Төле би, Жамбыл Жабаев, Бәйдібек баба, Әулие Ата, Бауыржан Момышұлы ескерткіштеріне естелікке суретке түсті. 

— Біз аудан әкімі Бақыт Қазанбасовтың қолдауымен «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында, Тараз қаласына саяхаттап қайттық. Аудан басшылығының ардагерлерге көрсетіп отырған қолдауын облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы да ризашылықпен қабылдады. Еркінбек Солтыбаев ынтымағы мен бірлігі жарасқан байзақтық ардагерлерге алғысын айтты. Осы сапарымызда күн санап құлпырған Тараз шаһарының көптеген жерлерін араладық. Көзіміз қуанып, көңіліміз сүйсінді. Ауданның ардагерлеріне осындай шараларға қолдау көрсеткені үшін аудан басшысы Бақыт Алпысбайұлына айтар алғысымыз шексіз, — дейді ардагерлер кеңесінің мүшесі Серік Балабеков.

Leave A Reply

Your email address will not be published.