Жамбыл ауданында Жаз атаның 125 жылдығына орай жыр мүшәйрасы өтті

0 14

Жамбыл аудандық Мәдениет үйінде Жаз ата — Жазылбек Қуанышбаевтың 125, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жазба ақындар мүшәйрасы өтті, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Мүшәйрада бақ сынаған қатысушылар Тәуелсіздік туралы оралымды ойларында жыр көшіне ілестірді. Азаттық аңсаған бабалардың асыл арманы, бостандықтың бағасы, елдіктің өлшемі, бәрі, бәрі ақындардың жырларында көрініс тапты.

Байқаудың қорытындысына сәйкес Бегалы Ысқақов жүлделі 1-орынды жеңіп алса, Әсел Назаралы 2-орынды олжалады. Ал, Елібек Нұрмаханбетов 3-орынға лайық деп танылды.

Жыр бәсекесін қорытындылаған аудандық Мәдениет үйінің директоры Индира Тоғанбаева еңбек майданының қаһарманы Жазылбек Қуанышбаевтың өмірі мен өнегесі елге қызмет етудің ерлікке пара-пар үлгісі екенін баса айтып, мүшәйра жүлдегерлері мен қатысушыларына арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтарды табыс етті.

Қой бағу тек малдың соңында ала таңнан салпақтап жүру емес, үлкен ілім, зор қабілет екенін дәлелдеген, көзінің тірісінде-ақ құрмет құшағына бөленген Жаз атаның есімі Үлкен Совет және Қазақ Совет энциклопедияларына енгізілген. Ол кісі туралы сан қилы мақалалар «Правда» газетінен бастап, барлық баспасөз құралдарында ұдайы жарық көріп тұрды. Оның өшпес даңқы егемендікті еншілеген 30 жылдың ішінде де ұмыт қалған емес. Еңбек ерінің есіміне шаруа қожалық, елді мекендер, Алматыдағы бір көшенің берілуі – жоғарыдағы сөзіміздің айғағы. Бұдан бөлек, Мойынқұм ауылының орталығында дала академигінің шопан таяғын ұстап, қиырға көз тіккен бейнесі алыстан менмұндалайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.