Отбасы институтын нығайту — басты бағыт

0 9

Байзақ ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетовтің қатысуымен отбасы құндылықтары жөнінде кеңес отырысы өтті, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Жиынды Дәуір Дәулетов ашып, келген қонақтарды таныстырды. Алғашқы сөзді алған ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ләззат Рамазанова ұрпақ тәрбиесі, ұлттық тәрбие, обал-сауап, ұят, отбасы құндылығы жөніндегі ойын айтып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Отбасы институтын нығайту» Заңы қаралып жатқандығын, елімізде әйелдердің құқығын қорғау, отбасы құндылықтарын қастерлеу, отбасы институтын нығайту бойынша қолға алынған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Елдің көкейінде жүрген түйткілді мәселелерді ортаға салуға шақырды.

Аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Ермеков бала жөнінде декреттік демалыста отырған аналардың жалақысы үш жылға дейін сақталынса деген пікірін білдірді. Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназияның директоры Гүлбахрам Ермекова қайтарымсыз несиеге ие болған көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың жауапкершілігін арттыруды, «Жадыра» шаруа қожалығының жетекшісі Гүлнәр Дәулетбаева шопан мамандығының мәртебесін көтерудің қажеттігін алға тартты. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі балаларды уақытша қарау үшін мемлекет есебінен орталық ашу, несие каникулын ұзарту, қайтарымсыз грант көлемін көбейту турасында ұсыныстар айтылды.

Алқалы жиында көтерілген мәселелер төңірегінде Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Салтанат Тұрсынбекова пікірлерімен бөлісті.

Жиынға ардагерлер, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар, ата-аналар комитетінің, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Келелі жиыннан соң Ләззат Керімқұлқызы бастаған комиссия мүшелері Мырзатай ауылдық округіндегі «Әулие-Ата Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, сою цехының тыныс-тіршілігімен танысты.

Кездесуде серіктестік басшысы Фарида Жүнісова құс етін тереңдетіп өңдеу фабрикасының қуаттылығы, шығарылған өнім көлемі, тауарды экспортқа шығару турасында мәлімет берді.

Аудан әкімі Бақыт Қазанбасов мәртебелі қонақтарға өңірдегі өнімді тірліктерден ақпарат беріп, оларға ел атынан алғыс білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.