23 маусым – Қазақстан полициясы күні мерекесі қарсаңында Жалпақтөбе ауылында жаңа учаскелік пункті пайдалануға берілді. Учаскелік пункт сағат таңғы 9-дан кешкі 23:00 ге дейін, демалыссыз жұмыс істейді. Мекеменің іші барлық талаптарға сай жаңа құрылғылармен қамтылған. Аталған пункт орта есеппен 32769 тұрғынға қызмет көрсетіп, жергілікті халықтың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етеді, — деп жазады “ZhambylNews” АА.
Учаскелік полиция пунктің ашылу салтанатына Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бахыт Ратаев, аудандық полиция бөлімінің бастығы Талғатбек Татенов, аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбеков, Полатқосшы ауылдық округінің әкімі Ержан Данаев және ІІО-нің Жамбыл ауданындағы ардагерлері қатысты.
Жиында облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бахыт Тілеулесұлы аумақ тұрғындары мен тәртіп сақшыларын отандық полицейлер мерекесімен құттықтап, ашылғалы тұрған учаскелік пункт ел байлығы тәуелсіздігімізді тұғырлы ету үшін ұлт мүддесі мен ел тыныштығын сақтау жолында күндіз-түні аянбай еңбек етіп келе жатқан тәртіп сақшыларына қолайлы жағдай жасау мақсатында жасалып жатқан жұмыстардың бірегейі екендігін жеткізді.
Ал аудандық полиция бөлімінің бастығы Талғатбек Болатұлы болса ілкімді істердің мән-жайына тоқталды. Тұрғындар енді аудан орталығы Аса ауылына бармай-ақ, туындаған мәселелерін ауылда шеше беретінін айтты. Әрмен қарай қазақы салтқа сай ауыл ақсақалы бата беріп, ақ жаулықты әжелер шашу шашты. Қадірлі қонақтар «қуаныш молая түссін» деген лебіз білдірді.
Мереке қарсаңында тиімді жұмысы және қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін учаскелік полиция инспекторлары Нұржан Жұмағұлов пен Асылбек Сүйеубаевты аудандық полиция бөлімінің бастығы Талғатбек Татенов арнайы «Алғыс хатпен» марапаттады.
Жалпы алаңы 205 шаршы метрді құрайтын полиция пунктінің ашылуына 23 млн. теңге қаржы бөлінген. Учаскелік пункт аудан орталығына тиесілі қала маңындағы елді мекендер үшін жұмыс істейді. Оған ауылішілік 3 бейнебақылау камерасы қосылған. Мекеме бүкіл стандарттарға сай қамтылған.
Мұнда 15 полиция қызметкері мен сегіз қызметтік автокөлік бар. Учаскелік инспектор күндіз де, түнде де жұмыс орнынан табылады. Оқыс жағдай орын алып жатса, жылдам шара қолдануға өте ыңғайлы.
Жалпы, жыл басынан бері аумақтың учаскелік полиция инспекторлары 12 қылмыстың бетін ашып, 1238 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаған.