Қордайда 9 көпқабатты тұрғын үй тұрғызылуда

0 15

Қордай ауданында халықты баспанамен қамтуға басымдық берілген. Бөлінген қаржы да қомақты. Бүгінде ауданда 60 пәтерлі 9 көпқабатты тұрғын үйге 3,9 млрд. теңге қаржы бөлініп, құрылысы жүруде. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулет айтты, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Спикердіі айтуынша, аталған 9 үйдің ішінде 6 үй (340 пәтер) тұрғын үй кезектегі азаматтарға және 3 үй (180 пәтер) Гвардейск қалашығындағы биологиялық қауіпсіздік институтының қызметкерлеріне қызметтік пәтер ретінде беріледі.

— Келесі жылдарға Батыс тұрғын-үй алқабында 60 пәтерлі 5 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізу үшін жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Одан бөлек, Қордай және Сортөбе ауылдарында бюджет саласының қызметкерлері, аз қамтылған және көп балалы отбасылар үшін 544 млн. теңгеге екі пәтерлі 20 тұрғын үйдің құрылысы жүруде, — деді Рүстем Дәулет.

Айта кету керек, қазір Қордай ауданында тұрғын үйге мұқтаж 1983 азамат кезекте тіркелген. Биылғы бес айда берілген тұрғын үйлер 17,6 мың шаршы метрді құрайды. «Асар» жобасы арқылы үйге мұқтаж отбасыларға 5 үй берілген.

Ал жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға кезекте 13 000 азамат тіркелген. Жер кезегін азайту мақсатында Қордай (106 га 388 жер учаске), Отар (98 га 682 жер учаске) ауылдарындағы 3 алқапқа инженерлік инфрақұрылым жүргізіліп, жер теліміне кезекте тұрған азаматтарға берілуде.

— Биылғы жылдың 5 айында аудан экономикасының барлық салаларында оң динамика қалыптасты. Жалпы өңірлік өнім 34,0 млрд. теңге болып, экономикалық өсім 110,6%-ды құрады. Өнеркәсіп 8,3 млрд. теңгеге (2020 жыл – 7,1 млрд. тг), ауыл шаруашылығы 8,8 млрд. теңге – (2020 жыл – тг 8,3 млрд. тг), инвестиция 7,1 млрд.теңге (2020 жыл – 6,0 млрд. тг), құрылыс 2,1 млрд.теңге (2020 жыл – 1,8 млрд. тг), тұрғын үйлер 17,6 мың шаршы метрді құрады (2020 жыл –16,2 мың ш.м.) Ал жұмыссыздық деңгейі – 4,5%, бюджеттің игерілуі — 100%, — деп атап өтті аудан әкімі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.