Ауыл әкімдерін сайлау басталады

0 3

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Жамбыл облысы бойынша филиалы мен Мойынқұм аудандық сайлау комиссиясының ұйытқы болуымен «Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды ұйымдастыру және өткізу туралы» аудандық семинар – кеңес болып өтті, — деп жазады “ZhambylNews” AA.

Аудандық мәслихат аппаратының мәжіліс залында санитарлық талаптарға сәйкес өткізілген жиынға Шу аудандық сайлау комиссиясының хатшысы Бауыржан Стыбаев, аудан әкімінің аппарат басшысы Нұрзия Атаева, бірқатар тиісті бөлім басшылары, аудандық, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары, орынбасарлары, хатшылары мен мүшелері қатысты.

Семинар–кеңес барысында әкімдердің тікелей сайлауын өткізудің құқықтық және ұйымдастырушылық аспектілері, сайлау процесіне қатысушыларды оқытуды ұйымдастыру, науқанды қаржыландыру, мүмкіндіктері шектеулі адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету және сайлау комиссияларының қызметін ақпараттық сүйемелдеу мәселелері қаралды. Мәселелер ауылдық деңгейдегі әкімдерді сайлауға байланысты заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды ескере отырып қаралды.

Жиында аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Сержан Садуакасов, аудан әкімінің аппарат басшысы Нұрзия Атаева және аудандық сайлау комиссиясының хатшысы Мейірхан Жайлау баяндамалар жасады.

Басқосуда сұрақ-жауапқа кезек беріліп, өзара пікір алмасқан кеңеске қатысушыларға әдістемелік ойын ұйымдастырылды.

Кеңес барысында Сержан Садуақасов сайлау жүйесінің және сайлауды ұйымдастыруға тартылған орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың алдында тұрған үлкен міндеттерді толыққанды заңнамаға сәйкес өткізуді қамтамасыз ету барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының мүшелерінен құзыреттілікті, жұмыстарының үйлесімділігін ерекше талап ететінін жеткізді.

— Жергілікті атқарушы органдарға сайлаушылармен сайлау өткізуде біраз міндеттер жүктелген. Біріншіден — сайлау рәсімдерін мүлтіксіз сақтап, сайлауды заңнамаға сәйкес өткізуді қамтамасыз ету. Екіншіден – сайлау күні санитарлық нормаларды сақтау мәселесіне айрықша көңіл бөлу. Үшіншіден сайлауға қатысатын сайлаушылардың тізімін айқындау және нақтылау жұмыстарының дұрыс болуы. Төртіншіден сайлаушыларды тасымалдау мәселесі мен үйде дауыс беретін сайлаушыларды қамту мәселесіне жіті назар аудару. Соңғысы әлеуметтік – саяси ахуалдың тұрақтылығы, — деді Сержан Садуакасов.

Семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табыс етілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.