Луговой ауылында тағы бір отбасы баспаналы болды

0 1

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасының аясында Тұрар Рысқұлов ауданында тағы бір баспананың кілті тапсырылды. Тұрғын үйдің құрылысына ерікті жастарымен құрылған «Жан жылуы» қайырымдылық қорымен қатар, жергілікті кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары және де қарапайым ауыл тұрғындары үлес қосқан, — деп жазады “ZhambylNews” AA.

«Асарлатып үй салу» жобасымен ауданда өткен жылы жоспарланған 16 үйдің 14-і салынған. 2 дайын үй сатып алынып, мұқтаж отбасыларға тапсырылған болатын. Биыл тағы да 15 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Жоба аясында демеушілердің көмегімен бүгін Луговой ауылының тұрғыны, ерекше бала тәрбиелеп отырған Дария Тулендиева баспаналы болды.

Қоныстой иесін құттықтау үшін игі іс-шараға аудан әкімі, ардагерлер мен қайырымдылық шарасына ат салысқан жандар қатысты.

Баспана кілтін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов табыстап, бірлік бар жерде тірлік бар екенін тілге тиек етіп, асарлатып үй салған ауыл тұрғындарына алғыс айтты.

Тұрғын үйдің бой көтеруіне айрықша үлес қосқан ауыл азаматтары мен кәсіпкерлерді аудан әкімі Ерболат Садырқұлов алғыс хаттармен марапаттады.

Жаңа баспананың құрылысы 3 айда аяқталған. 5 миллионға жуық қаражат жұмсалған. Ауыл кәсіпкерлері, сырттағы аудан тумалары, жастар мен ауданның жанашыр азаматтары демеушілік көрсетуімен жүзеге асқан бұл жоба мұнымен тоқталмай, алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.