Еліміздегі 90 қала мен 7,5 миллион тұрғыны бар 6 087 ауыл ауыз сумен 100 пайыз толық қамтамасыз етілді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов айтты.
— Мемлекет басшысының 2025 жылдың соңына дейін халықты толығымен ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес, сумен жабдықтау инфрақұрылымын дамыту бойынша кешенді жұмыс жүргізілді. Осы жылдары аралығында бюджеттен шамамен 835 миллиард теңге, оның ішінде арнай мемлекеттік қордан 132 миллиард теңге бөлініп, 1,6 мыңнан астам жоба іске асырылды, яғни Үкімет тарапынан қаржыландыру мәселесі толығымен шешілді, — деді вице-министр.
Оның дерегінше, жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 34 қала мен 756 ауыл орталық су жүйесімен қамтылды. Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен 699 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылды.
— Салыстырмалы түрде, 2021 жылы ауыл халқының 90 пайызы және қала халқының 97,5 пайызы сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізді. Осылайша, жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сәйкес, Мемлекет басшысының тапсырмасы толық орындалып, еліміздегі 90 қала мен 7,5 миллион тұрғыны бар 6 087 ауыл ауыз сумен 100 пайыз толық қамтамасыз етіліп отыр, — деді Қуандық Қажкенов.
Вице-министр дерегінше:
— 4 747-сі орталық су жүйесімен;
— 1 340 ауыл орталықтандырылмаған су жүйесімен қамтылған, оның ішінде:
— 1 102 ауыл суды тазарту блок-модульдері арқылы қамтамасыз етілген;
— 219 халқы аз елді мекенде сумен жабдықтау ұңғымалар есебінен жүзеге асырылады;
— 19 елді мекенде шалғай орналасуына және су көздерінің болмауына байланысты ауыз су тасымалдау арқылы жеткізіледі. Аталған елді мекендерде орта есеппен 70 адамнан тұрады. Әртүрлі сумен жабдықтау тәсілдері тек қолжетімділікті қамтамасыз етіп қана қоймай, қаржылық шығындарды тиімді пайдалануға мүмкіндік берді.
— Жұмыс барысында сумен жабдықтау сапасына айрықша басымдық беріліп, магистральдық құбырлар мен су тазарту құрылыстары да жаңғыртылды. Барлығы 9,5 мың шақырым желі қайта жаңартылып, кеңейтілді. Оның ішінде қалаларға қатысы 1,8 мың шақырым, ауылдарда 7,7 мың шақырым су желілері жаңғыртылды. Нәтижесінде желілердің тозуы деңгейі 38 пайызға дейін төмендеді, — деді вице-министр.
Айта кетейік, Үкімет отырысында сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту, цифрландыру мен су үнемдеу технологияларын енгізу шараларын талқыға салынып жатыр.