Талас ауданында жас кәсіпкер киім дүкенін ашты

0 26

Талас ауданында жас кәсіпкер Зарина Иембердиева «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 4 миллион теңге несие рәсімдеп, өз кәсібін ашты, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Істің көзін тауып, оны табысқа айналдыра білу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Ол үшін алдымен адамға қабілетпен қатар, кәсібіне деген бейімділік керек.

Зарина «Кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 4 миллион теңге несие рәсімдеп, өз кәсібін ашуға тәуекел еткен жанның бірі. Қолға түскен қаражатты көптен бері ойда жүрген кәсібін кеңейтуге жұмсауды мақсат тұтқан кәсіпкер иелігіндегі киім дүкенінің айналым қаражатын толықтыруға салады. Сөйтіп кәсібін кеңейткен. Жалпы бұл — бизнестің бұлжымас ережесі. Қағиданы қаперде ұстаған Зарина Иембердиева дүкен сөрелеріндегі тауар түрлерін көбейтіп, тұтынушылардың таңдау мүмкіндігін арттырады.

— Киім түрі көбейген сайын көпшіліктің таңдауы да оңай болады. Қазір қалада киім дүкендері көп. Сондықтан, тауарым өтімді, алушылар көп болсын десең, кәсібіңді кеңейту керек. Маусымға сай киім үлгілерін ала біл. Ол үшін өзіңнің де талғамың жоғары болуы шарт, — дейді жеке кәсіпкер.

Расымен, қалада дүкен көп. Сауда нүктелері көбейген сайын, бәсекелестік артады. Ал ондайда істің алға басуы үшін табандылықпен қатар, тынымсыз тірлік, жоғары талғам қажет. Мұны Зарина Иембердиева да жақсы біледі.

«Еңбек» бағдарламасы Зарина сынды талай іскер жандардың кәсібін бастауға, жұмысын жолға қоюға сеп болып отырғанын айта кеткеніміз жөн. Жалпы бағдарлама арқылы 6 пайызбен 5 жылға дейін, ал көпбалалы және аз қамтылған отбасы мүшелеріне 4 пайызбен 6 миллион теңгеге дейін несие таратылуда. Арасында бір жылға дейін жеңілдік кезеңі де назарға алынған. Міне, тірлік бастаудың таптырмас мүмкіндігі.

«Табысымды кәсіптен айырамын десеңіз, іске тәуекел білдіріңіз. Өйткені, тірлік тәуекелмен басталады, тәжірибемен кеңейеді», — дейді кәсіпкер.

Leave A Reply

Your email address will not be published.