Қоғамның тұрақты дамуы мен елдің өркендеуі ең алдымен еңбекке негізделеді. Осы үдерісте жұмысшы жастардың рөлі айрықша. Олар өз еңбегі арқылы өндірістің алғы шебінде жүріп, мемлекеттің экономикалық әлеуетін нығайтуға үлес қосуда. Осы тұрғыда жұмысшы мамандар сабақтастығын сақтап келе жатқан еңбек династияларының маңызы зор.
Химия өнеркәсібінде қалыптасқан сондай еңбек әулеттерінің бірі – Алдахметовтар династиясы. Бұл әулеттің өкілдері бірнеше онжылдық бойы отандық өндірісте табанды еңбек етіп келеді. Династияның негізін қалаған Тілектес Қарғабаев өзінің саналы ғұмырының 40 жылын «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің дамуына арнаған. Ол еңбек жолын қарапайым слесарь-өңдеуші ретінде бастап, кәсіби біліктілігі мен тәжірибесінің арқасында цех бастығы лауазымына дейін көтерілген.
Бүгінде еңбек ардагерінің ісін оның ұлдары жалғастырып отыр. Алғашқы еңбек жолын «Минералды тыңайтқыштар зауытында» слесарь-өңдеуші болып бастаған Алдахметовтар әулетінің үлкен ұлы Қайсар қазіргі таңда осы кәсіпорында инженер қызметін атқарып келеді.
Ал әулеттің тағы бір өкілі – Еркебұлан Алдахметов – аталған зауытта цех басшысының орынбасары болып еңбек етіп, өңірдегі химия өнеркәсібінің дамуына өз үлесін қосуда. Үшінші ұлы Ерлан Алдахметов осы кәсіпорында аға шебер ретінде өндірістің үздіксіз жұмыс істеуіне жауапты мамандардың бірі саналады.
Осылайша, бір әулеттің бірнеше мүшесі бір салада үздіксіз қызмет етіп, кәсіби сабақтастықты сақтап келеді. Алдахметовтар династиясының химия саласындағы жалпы еңбек өтілі шамамен 60 жылды құрайды. Бұл – жұмысшы мамандықтың қоғам үшін маңызын айқындайтын нақты көрсеткіш.
Жұмысшы мамандар тек өндірісте ғана емес, қоғамдық өмірде де белсенділік таныта алады. Мысалы, Қайсар Алдахметов осы мекемеде инженер болып қызмет ете жүріп, Тараз қалалық мәслихатының депутаты болып сайланған. Бүгінде ол қоғамдық қызметке араласып, өндіріс саласында еңбек етіп жүрген жастардың әлеуметтік мәселелерін көтеріп келеді. Әсіресе, жұмысшы жастар үшін өзекті болып отырған тұрғын үй мәселесіне назар аударылып, бұл бағытта мемлекеттік қолдау тетіктерін күшейту қажеттігі айтылуда.
Бүгінде «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – еліміздегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың бірі. Компания геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, фосфорит кенін өндіру және қайта өңдеу, фосфорлы минералды тыңайтқыштар мен жемшөп фосфаттарын өндірумен айналысады. Бұл өндірістік үдерістердің барлығы мыңдаған жұмысшы мамандардың еңбегінің нәтижесі. Қазіргі таңда кәсіпорында 35 жасқа дейінгі 1128 жұмысшы маман еңбек етеді, бұл жалпы жұмысшылар санының 35 пайызын құрайды.
Алдағы кезеңде жұмысшы жастардың санын арттыру – өндіріс үшін маңызды міндеттердің бірі. Себебі, отандық өнімге деген сұраныс жыл сайын өсіп келеді. Ал сол сұранысты қамтамасыз ететін басты күш – кәсіби білікті жұмысшы кадрлар.
Еңбек династиялары – ұрпақтар арасындағы жауапкершілік пен адал еңбектің жарқын үлгісі. Алдахметовтар әулеті соның нақты дәлелі. Олар жеке кәсіптік жетістіктерімен қатар, тұтас саланың дамуына және ел экономикасының нығаюына үлес қосып келеді. Өйткені, қоғамның басты тірегі – еңбек. Ал еңбектің құндылығы ұрпақтан ұрпаққа жалғасқанда ғана ел болашағы берік болады.
Sign in
Sign in
Recover your password.
A password will be e-mailed to you.