Таластық ұстаның домбырасы қолдан-қолға тимей өтіп кетіп жатыр

0 7

Талас ауданында жеке кәсіпкер, «Чернобыль ардагері» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Оразғали Байжанов домбыра жасап сатумен айналысуда. Қазірде кәсіпкер несие алып кәсібін кеңейткісі келеді, — деп жазады “ZhambylNews” AA.

Қос шекті қазынамыздың тарихы қаншалықты тереңде болса, оны қолдан қиып жасау да соншалықты қиын шаруа. Оны ағаштан түйін түйген мамандар жақсы түсінеді.

Жалпы Оразғали Байжановқа ағаш шеберлігі атадан дарыған көрінеді. Байжан қария қасиет қонған, аймаққа белгілі ұста болған. Бала Оразғали атасының керегінде көрігін басып, сайманын тасып өседі. Кішкентайында ойында жатталып, көкейде сақталып қалған жайт түптің түбінде белгі бермей қоймайды екен. Оразғали ағамыз осылайша өзін ұсталықта байқамаққа бел буып, тәуекелге барудың арқасында шаруасы тәп-тәуір жүріп кеткен. Қазір ол шағын шеберханада тірлігін айналдырып, табысын айырып отыр.

Шебердің айтуынша, бір домбыраны жасауға 10 күн уақытын жұмсайды екен. Оған қажетті заттарын Тараз қаласынан алдыруда. Ұлттық аспаптың бағасы да жонылған ағаш түрі мен домбыраның көлеміне байланысты көрінеді. Көбіне оны Ресейден әкелінген қарағайдан жасауға тырысады.

Жеке кәсіпкер кәсіпкерлерге берілетін қаржылай қолдауды пайдаланбағандықтан, жеке адамға жұмыс жасаудың ауырлығын айтады.

— Қазір көппәтерлі үйдің жертөлесіндегі шағын шеберханада жұмыс істеп жатырмын. Жұбайым Анар қажетті материалдарды күнделікті жеткізіп беріп тұрады. Ал өзім көз майымды таусып, ағаш жонамын, домбыраның бөшектерін жасап, құрастырамын. Егер, мен сияқты ұлттық аспаптар жасайтын шеберлерге Үкіметтен арналған қаржылай қолдау берілетін болса, заманауи құрал-жабдықтар сатып алып, шеберханамды кеңейтер едім. Жұмысшы алар едім. Жұмысымды өткен жылдың желтоқсанында бастадым. Қолымнан шыққан ұлттық аспаптар қазір таныс-жақындарымнан ақ артылмай жатыр, — дейді ол.

Оразғали Байжановтың тарапынан туындап отырған қаражат мәселесіне байланысты аудан әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаровпен тілдескен едік.

— Біз бұл жағдайдан хабардармыз. Қазір оны «Бастау-Бизнес» жобасы аясында қысқа мерзімді оқу курсына тіркеп қойдық. Оқу осы шілде айында басталады. Оны аяқтаған соң арнайы сертификат беріледі. Бұдан бөлек, кәсібін кеңейту үшін несие алуға көмектесеміз, — деп жауап берді.

Оразғали ағамыз «Чернобыль ардагері» қоғамдық бірлестігінің мүшесі. Осыдан 35 жыл бұрын атом электр стансасында болған жарылыстың зардабын жоюға қатысқан аудандағы аз ғана ардагердің бірі. Мақсаты – бойында қайрат-жігері барда елдің игілігіне еңбек ету, ұлттық қазынаны ұлықтау.

– Домбыра мен бесік әр қазақтың үйінде болуы тиіс. Ол – ұлттық болмысымызды айшықтайтын дүние. Шаңырақтағы тұрған нәрсені бала көріп, біліп өседі. Қызығушылық осылай басталады. Менің де ағаш жонумен айналысуыма, атамның ұсталығы себеп болды емес пе? – дейді ол.

Leave A Reply

Your email address will not be published.