Жамбылдық бағбанның бақшасында алманың 36, жүзімнің 30 түрі бар

0 4

Жамбыл облысы Шу ауданының тұрғыны Мирислам Аллахмирановтың бақшасында алманың 36 сұрпы бар. Бағбан бұдан бөлек алхор мен шабдалының итальяндық, франциялық сорттарын тәжірибе үшін өсіріп жатыр, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Осыдан 15 жыл бұрын Шу ауданы Мойынқұм ауылында 10 гектар жерге алма бағын отырғызудан бастаған «Зам – зам» шаруа қожалығының жетекшісі Мирислам Аллахмиранов қазіргі таңда бақша көлемін 40 гектарға жеткізген.

Алқаптан өткен жылы 500 тонна алма жиналып өткерілген болса, биыл да ауа райының қолайсыздығына қарамастан күтіп баптау жұмыстарының арқасында мол өнім күтілуде.

— Кез-келген жеміс сұрпының өзіндік ерекшеліктері бар. Ең маңыздысы қысқа төзімділігі, өнімділігі. Жеміс беру кезеңі қолайлы болуы қажет. Содан соң алманың ірілі-ұсақтығына, түсіне, дәміне, тасуға жарамдылығына, сақталғыштығына мән берген жөн, – дейді қожалық жетекшісі Мирислам Аллахмиранов.

Қожалықтағы «Столовка», «Голден Делишес» және «Ред Делишес» алма сұрыптары Меркі ауданындағы «Гүлдер» питомнигінен алынған. Бағбан жинаған өнімдерін аудан орталығындағы базарлар мен дүкендерге нарық бағасынан арзан өткеруде. Алманың әр келісі -150 теңгеден.

Кәсіпкер көп балалы отбасыларына да қол ұшын созып тұрады. Жыл сайын аз қамтылған және ауыл қарияларына 10-15 тонна алманы тегін таратуды дәстүрге айналдырған.

Сондай-ақ, аталған шаруа қожалықта 2010 жылдан бері 3 гектар жерге қосымша жүзім өсірілуде. Осы аумаққа 30 түрлі жүзім сорттары отырғызылып, әр гектарынан 15 – 18 тоннаға дейін өнім жиналуда. Былтырғы жылы басым отырғызылған «Дамские пальчики» жүзімдігінің әр түбінен 250 кг өнім жинаған шаруа, жүзім бригадасына да қосымша 15 ауыл тұрғынын жұмыспен қамтыған.

Айта кету керек еңбек даласында тынбай тер төккен «Зам – зам» шаруа қожалығының жетекшісі Мирислам Аллахмиранов 2015 жылы «Ерен еңбегі үшін» медальімен марапатталған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.