Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев Өрнек ауылындағы Бейсенбек Тайшапұлы атындағы орта мектепке барып, күрделі жөндеуден өтіп жатқан білім ордасының жай-күйін, ішкі бөлмелері мен жылыту қазандықтарын қарап шықты, — деп жазады “ZhambylNews” AA.
Биыл аудандағы 6 мектепті күрделі жөндеуден өткізуге 590 млн теңге қарастырылса, оның 4-еуі «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде жүзеге асырылады.
Аталмыш жоба аясында осы мектептің жөндеу жұмыстарын «ЖанатасҚұрылысСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған. Оған қазынадан 143 млн 321 мың теңге бөлінсе, бұл қаражатқа мектептің шатыры, электр желілері, еден ағаштары, есіктері жаңасына ауыстырылып, ішкі бөлмелері толықтай әрлеу жұмыстарынан өтеді. Жұмысқа жергілікті 21 азамат тартылған.
1960 жылы пайдалануға берілген білім ошағы 620 оқушыға шақталған. Оның жанында жеке ғимараттағы «Мейірім» шағын орталығы мектепке дейінгі 50 баланы қабылдай алады.
Мектеп директоры Рина Жұмаділованың айтуынша, 66 педагог 491 оқушының зейінін ашуда. Жалпы мектепте кабинеттер саны 23, сондай-ақ спорт зал, мультимедиялық сынып, кітапхана, оқу шеберханалары бар. Ауыл маңындағы Жұма стансасының 30-ға жуық оқушылары тасымалданып оқытылады. Әжетханасы мектеп ішінде орналасқан.
— Бұл мектепке жөндеу қажеттігін өткен жылы байқағанбыз. Міне, бүгін құрылыс жұмыстары басталып кетті. Алғашқы қоңырау күніне білім ордасы сақадай сай болуы керек. Жылыту маусымына дайындық жұмыстарын қазірден қолға алып, қазандықтарды зерделеуден өткізуміз қажет. Дегенмен, ең алдымен сапаны назардан тыс қалдырмайық, – деген аудан басшысы тиісті сала мамандарына қадағалау жұмыстарын үйлестіруді тапсырып, жөндеуден өтіп жатқан барлық мектепке барып, құрылыс жұмыстарымен танысатынын, кемшілікке жол бермеу керектігін басып айтты.
Жалпы білім саласы туралы аз-кем ақпарат айтар болсақ, ауданда 39 білім беру мекемесі оқушыларға қызмет көрсетеді. Өткен жылы 11 орта мектептің асханасы, шатыры, ғимарат сыртын, акт залы, қазандығы және сыртқы қоршауы жөнделген.
Барлық мектепке ішкі әжетханалар, интернет желісі, камералар орнатылып, 17 мектеп робототехникамен жабдықталған. Биыл 1 млрд 400 млн теңгеге Айшабибі орта мектебіндегі үш ауысымды оқытудың алдын алу үшін 300 орындық мектеп құрылысы басталады.