Жуалыда шаруа қызанақ сатып сиыр алды

0 4

Ақтөбе ауылдық округінің тұрғыны Сайдуали Досымов үй іргесіндегі 10 сотық жерге қызанақ егіп, базарға шығарып сатып, жиналған қаражатқа бір сиыр сатып алған, — дем хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға бағытталған қанатқақты жоба аясында бақша салып, көкөніс егіп, үй іргесіндегі жер телімін тиімді пайдаланып жатқандар баршылық. Соның бірі осы — Сайдуали Досымов. Ол үй іргесіндегі жерге 1300 түп қызанақ егіп, оны тамшылатып ылғалдандыруда. Бұдан бөлек, отбасы ауласындағы қалған бос жерге картоп, жүгері, құлпынай, таңқурай отырғызған.

Өмірбойы ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп келген Сайдуали диқаншылықтың жай-жапсарын жақсы біледі. Бұдан бөлек оның ауласындағы 18 түп алма, бірнеше түп алмұрт, шабдалы, сары өрік, қара өрік сынды жеміс ағаштары төгіліп жеміс салып тұр. Осының барлығын ол есік алдынан қазып алған құдық суымен тамшылатып суаруда.

— Қызанақты биыл екінші жыл егіп отырмын. Оның жапондық «Линда» деп аталатын тұқымын Тараз қаласындағы агродүкеннен сатып алып едім. Алдымен есік алдына кішігірім жылыжай салып, тұқымынан сонда өсіріп алып, көшеттедім. Тамшылатып суғаруды Ташкент қаласында жұмыс істеп жүргенде меңгергенмін. Содан кейін Свердлов колхозында Израильдің технологиясымен тамшылатып картоп, көкөніс суғарғанбыз. Оның қаншалықты өнім беретінін сонда көргенмін. Сол жинаған тәжірибемді қазіргі таңда қолданып, пайдасын көрудемін. Үйде қарап отыруға болмайды. Өткен жылы осы қызанақты аулама егіп, базарға шығарып сатып, жиналған қаражатқа бір сиыр сатып алған едім. Ені сол сиырды сауып, сүтін ішіп отырмыз. Биыл да өнімімді базарға шығарып, сатып, тағы бір сиыр сатып аламын ба деген ниетім бар, – деді Сайдуали.

Leave A Reply

Your email address will not be published.